1.Жоқ жерден ашуланып, бұрқан-талқан болды. ~ Қанды көз, қызыл езу қаншықтар жол шолып, ауыл қорып, күн бұрын қызғыш боп, шəуілдеп, шала бүлініп жүргенде, дүрдей көк қасқа, сары ала төбеттер қотан шетінде жайымен аяңдап келе жатып, анда-санда ауыздарын толтыра, «оһ! оһ!» деп қояды. Ж.Айм. ~ Сол мұң екен, Абыралының шабына от түсіп, шала бүлінді. М.Қаб. ~ Манадан ән шыққанда елеңдеп отырған жандайшаптары азайып қалғанын енді байқады. Сол- ақ екен, кеудесіне қызғаныш еніп, шала бүлінді. С.См. 2. Әбігерге түсіп, мазасы кетті. ~ — Тәуір болғаны құрысын! Тәуір болмады. Арада бір жұма өтті ме, өтпеді ме: бір күні кешке таман қаладан үш кісі сау ете түсті. Жоғарғы үйге кіргізіп, көрпе салып, қой сойып, шала бүлініп жатыр… Мұнысы кім деп отырмын. Ж.Айм. ~ Тойы деп шала бүлінгенімізбен қоймай, үстімізге бір сабақ жіп ілмесек те киімі деп, жасауы деп, әйтеуір, жат жұртқа апарып тыға береміз, тыға береміз!.. Қ.Ысқ.
