Posted in

ШЫР БІТТІ

Оңалды, жағдайы түзелді, тұрмысы жақсарды. ~ Жаз еді, жайлау еді. Елге келгелі Дарханға ептеп шыр біте бастап еді. О.Бөк. ~ Қарақатын қаданы білдірмей есік алдында жатқан отынның астына тыға салды. — Мәку-сәкуді қой да үйлен. Шүйкебас алмай шыр бітпес деген,- деді Дос дүңкілдеп. Ә.Нұрп. ~ Далаға шыққан соң, қыдырт деді. Қиналғанына қарамастан, өзін-өзі зорлады. Ақыры қатып, қаңсып қалған қу сүйекке қайта шыр бітіп, ол жіпсігендей болды. М.Әбдіх. ~ Адамға шыр біткенде алдымен араны, тәбеті ашылады екен ғой. Торғай көжеге тойып қалатын Жолбасар да, мен де қазір тамақсаумыз. Д.Қуат. ~ «Алма піс, аузыма түс» деп, шырпы басын сындырмай шалқадан сұлап жатып алатын кержалқау мен құнтсыз езге қашан шыр бітіп көрген? Т.Сәу. ~ Тіліміздегі шыр бітті, шыр бітпеді деген тіркестер жеке адамдар мен хайуандарға қарата айтылады да, малдың ет женділігі мен етінің ояздығын, қызылды-қызылсыздығын, семіз-арықтығын, сөлді-сөлсіздігін, қоңды-қоңсыздығын, өңді- өңсіздігін, шырайлы-шырайсыздығын білдірсе, адамның барлық-жоқтығын, бай-кедейлігін, дәулетті-дәулетсіздігін, малды- малсыздығын, аш-тоқтығын білдіреді. Демек, «шыр бітті» деген сөздің барлыққа, «шыр бітпеді» деген сөздің жоқтыққа жауап беріп тұрғаны өз-өзінен белгілі. Ж.Баб.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *