Алға жылжыды. ~ «Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, – Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!» А.Байт. ~ Сендерде ғалым бар ма, өнер бар ма? Әлі күнге өрі істе дейсің «алла», «Істің бәрі құдайдан» деген наныс, Бір қадам бастыра ма сендерді алға? С.Торы. ~ Ғажап іс: əр кезде əр адам оянып, ілгері қарай қадам басайын десе, өңкей жалқау ондай адамды «кері кетіргелі жүр, өлтіру керек» деп, ду ете түседі. Ж.Айм.
- Әлдебір жаңа іске, соны бағытқа бет алды. ~ «Көп беріп, көргенді елден қыз алсам» деп, Бел байлап, бұл талапқа қадам басқан. “Мақпал – Сегіз”. ~ Адам кейпінде, керек десеңіз, азамат ретінде жаңа дүниеге қадам басқан, ой-санам берік бағдар тауып, мінез-құлқым қалыптасқан, бар болашағымды айқындаған асқаралы асу, қым-қуыт оқиғаға толы, ғаламат бір дәуір. М.Мағ.
- Адымдап жүрді, аттады. ~ Делебесі қозған күшік алға қарай екі-үш қадам басты да, бауыры жер тірей, төрт тағандап жата бере үрді, түрегеп тағы үрді. М.Мағ.
