Posted in

ҚАНАТЫН ҚОМДАДЫ

Әлдебір үлкен іске дайындалды; ыңғайланды; талпынды; әзір болды. ~ Мыналар бара сала, тығыз бұйрық етіп, Талшоқы мен Қарауылға қарай сол Бөкеншіні бір-ақ көшірді. Сүйіндік, Сүгірлер осындай сылтауды күтіп, қос қанатын қомдап отыр екен. М.Әу. ~ Менің ауылым қанаты қатқан қыран құс сияқты. Ол қазір биік белге шыққан. Міне, енді қанатын қомдап, құз-қияға самғап бара жатқандай. С.Шайм. ~ Гүлнаш та қол қусырып қарап отырмай, тыпыршуда. Орал Баданмен қоштасарда қайтып соғатынын айтып кеткен. Гүлнаш сертіне жетер болса, қанатын қомдап, шақ отырсын деген. Хабаршы Нұрша болар деген. Т.Әл. ~ Кемел ақылды Маман бимен кеңесті… Жаңадарияның суы кей жылдары егістікке жарамай жүр. Күйзелс жиілеп кетті. Бай ауылдар қанатын қомдап отыр. Бірақ, олар Хиуа ханы ұсынған қонысқа күдіктене қарайды. З.Шүк. ~ Әуелі даугер сөйледі. Билер қырланып, қақырынып, түстерін суытып алып, айыпкерді оңды-солды қаға бастады. Бірақ бұлар қаншалық қоразданып, қанатын қомдап келгенмен, Бақтығұл сасқан жоқ та, жалтарған жоқ. М.Әу. ~ Төртеуі төрт үй. Әрине, ертең бөлтірігін ерткен бөрідей о да көшеді. Олардан кейін де талай үйлер ұясын су алған құстай, әне-міне кешеміз деп қанатын қомдап отыр. Күн көріс қалған жоқ. Көшпегенде қайтеді? Ә.Нұрп.
~ Делқұлы болса да қиыстырып шағым жазуға мәттақам. “Әйелім жасырын бизнес жасайды, заңға қайшы әрекетпен айналысады” деп ғарызданады. Қайдан қызыл ілінер деп қанатын қомданған қанды көз қырандарға да керегі осы. Т.Сәу.

Ұшуға талпынды. ~ Болған өмір ұқсайды болмағанға. Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ, Айдынына аққуы қонбаған ба?! Қызғыштары қиқулап, қорғағанда, Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға, Шүрегейлер айдынын қорлағанда, Көкқұтандар қанатын қомдағанда… М.Мақ. ~ Ешкішек – Іле өзені бойын мекен еткен торғай аты. Көктем айларында осы торғай әуелеп аспанға шығып алады да, екі қанатын қомдап, жерге қайта шүйіле ағады. Ж.Баб. ~ Ат үстінде Ноғайқұл құсына тоят берді. Ат басындай көк қаршыға қанатын қомдап, көзі шапыраштанып, қоянның сыдырылған басынан шабыттана біраз жұлқылағанда, Ноғайқұл: – Ішіңе шыр байланса, қашып кетесің! – деп тоятын тыйды. Т Әл.