Posted in

ҚУЛЫҒЫНА ҚҰРЫҚ (НАЙЗА, БАҚАН) БОЙЛАМАЙДЫ

Аяр, аса қу, арамы адам туралы. ~ Айт жоқ, той жоқ, екі кісі егесіп төрелік айта барған жоқ, қазақ қарақалпаққа тегінен-тегін ат мінгізе ме? Әнетей ағам Таңсыққожаның қанжығасына енді кімді байлар екен деп ойлай-ойлай кетіп едім. Сондағысы Ақирек екен ғой… Қулығына құрық бойламайтын қу бидің құлқынында кеткен есіл Ақирек, уай, уай! З.Шүк. ~ Сәкенге ғана емес, ұлт болашағын партиядан іздеу, социялистік жолды даңғыл санау сынды сан қаламгерге «қызыл өлең» сыйлаған сол бір қулығына құрық бойламайтын сұрқия кезеңдегі ақындарға ілесіп, сан мыңдаған оқырман адасты. Ж.Шәк. ~ Менің тұла бойымды иіткен сол бір кішкентай концерт әдемі әзірленген еді. Неге екені белгісіз, осы бір қулығына құрық бойламайтын сезімтал бопса менің қабырғама қатты батты. К.Мыр. ~ Жоқ, Батыр сұлтан тап анау айтқандай қулығына найза бойламас сұм
емес екен. Ә.Кек. ~ Ноғайқұл: «Жөгілердің қулығына найза бойламайды– ау! » – деп сүйсінді. Т.Әл. ~ Қатындардың қулығына найза бойламайды. Ертең өзіңді өтірікші ғып, масқараңды шығарады. Ә.Шәр. ~ Сазарған түрі жаман екен! Қулығына найза бойламайтын сұм кісінің сойы сияқты. Ә.Кек. ~ Анау қызы ма екен? Олай дейін десем, келіншек жас, әлі уыздай. Шалдың жолда «Мәсектің қулығына бақан бойламайды ғой, соғыс уақытында жап-жас қыз алып алды» дегені есіме түсті де «бәлкім, сіңлісі шығар» деп ойладым. Н.Сер.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *