Дәрменсіз, әлсіз, жігерсіз, құр сүлдері. ~ Әжесі түсінді де, аз ғана босаңсып: – Балам-ай, әжеңде қуыс кеуде болмаса, не
сымбат қалды? – деп, өзінің дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп еді. Баласы қимады. М.Әу. ~ Жүрегін жылытарлық, бар
қуатын жұрдай етіп кеткен қуыс кеудесі бос даладай қаңғырап еді-ау, сорлы әйелдің! Т.Рыск. ~ Әкем тегі, осы
татулығыңнан таймаңдар. Тірі аруақ боп қуыс кеудем сүйретіліп қайта ма деп қобалжып қалғаным да рас. Бекер
қобалжыған екем. С.Смат. * Қарын шашы алынбаған бала сияқтымыз ғой. -Қорқақпыз, қуыс кеуде құр сүлдерміз, тірі
қаңқамыз. Өйтпесе, тағдыры қыл үстінде тұрған Боранқұлға қарағанда түбіміз қомақты, тамырымыз берік тақыр кедей біздің
кеуде керіп, қарсылық көрсететін жөніміз бар ғой. Ғ.Біл.
- Қайратсыз, ойсыз, тоғышар, жел өкпе. ~ Енді дүние өзгеріп мына томартебер, ақылдан ада, қуыс кеуде Омарбек бұған
сәлемдеспей отыр. Б.Қыд. ~ Домбыраны күйлеп отырған жігіт мұрнын кербездене көкке көтеріп алғанда, мен онан мүлде
түңілгендей «осының өзі ақымақ, нағыз қуыс кеуде шығар» деп ойлап та үлгердім. М.Сүн. ~ Өркөкірек, қуыс кеуде бір
адамдардың дүниенің бәрін тындырып үлгергендей шіреніп, көпшілікке текесінен қарайтыны бар-ау, мынау дипломатка құдды
сол. М.Сүн.
