Posted in

ҚҰЛАҒЫ ТҮРІК (ТҮРІҢКІ)

Жұрттың сөзіне, өсек атаулыға құлақ тосып, көңіліне түйіп , бәрінен хабардар болып жүретін адам туралы. ~ «Бозінген» құлағы түрік кісі ғой: түріктің Әнуарбегін естіп, баласын соңдай қылмақ қой. Ж.Айм. ~ Не айт, не той, не жаназа, не болмаса тағы бір сондай жиылыс болмаса, мұнша тобыр арбалы адам бұл арада жүрмейтін. Ал құлағы түрік Асан ондай жиын бар деп естіген жоқ та. С.Мұқ. ~ Яхия насыбайын
атты. Денесі күйкі, салақ, салқам болса да жасында топқа түсіп бітеу құндыз, атан түйе алған балуан. Бүркіттей қабақты, мұрынды, көзі отты, жасы қырыққа толып толықсып тұрған кезі. Хат танырлық сауаты бар, құлағы түрік. Ел билеген әкеден жастай қалған. Ғ.Мұст.~ Ол жақтың хабарына қарақалпақтардың құлағы түрік.
Азаматтық іздегенде батыс жаққа көздерін сатады… З. Шүк. ~ Дәл мынау есіктен сүйретіліп шығып бара жатқан көзі ылғи қысыңқы, құлағы ылғи түріңкі жүретін ылғи қатпа, жыламсақ неменің ғайбатының арқасында ол талай-талай бармағынан бал тамған щеберлерді тапқан-ды. Ә.Кек.

  1. Жаңалыққа бейім, әр нәрседен хабары бар, көзі ашық, көкірегі ояу адам туралы. ~ Айнала-төңіректегі құлағы түрік жастар жиналып, ән-сауықты дүр көтеріп кетті. Б.Тоғ. ~ Соңғы курстарда анда-мында сын мақала жариялатып еді, құлағы түрік әдеби орта елең етті. Қолпаш көбейді. М.Қаб. ~ Естіп білсін құлағы түрік пенде, Тепкі көрдім бұзықтан, күліктен де. Сағынышым жас болып сорғалады, Далама алғаш тұяғым іліккенде. Р.Нияз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *