Мәңгілік ештеңе жоқ, өмірдің де көзді ашып-жұмғанша өте шығатын баянсыздығын бейнелейтін тіркес. ~ Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.Алладан үкім келген соң Өткінші өмір сұрау жоқ. “Қыз Жібек”. ~ Советханның өткінші өмір туралы философиясы, «оралыңның барында күліп-ойна» деген өлеңді еске алуы, айналып келгенде, оңай ақша табу мәселесіне тірелгенде ол не дерін білмей қақалып қалды. Б.Тоғ. ~ Балаларым, сендер өткінші ғұмырдың қиын-қыстау кезеңінде боран-шашында өскен қарағайдай қайсар мінез таныттыңдар. Ж.Шәк. ~ Сүйтіп Ақанның жанына сусын болған Көкшенің екі аруы – Ұрқия мен Ақтоқты өткінші дәурендей өте шықты. Ақан зарлап жалғыз қалды. С.Жүн. ~ Шын поэзия, осылайша, мәңгілікпен тексеріледі. Егер өткінші ғұмырдай белгілі бір мезгілдің туындысы болса, ол поэзия болмағаны. Ф.Оңғ.
