Біреудің сөзіне иланбағанда айтылатын кекесін. ~ «Иә, шіркін, өтірігіңе береке бергір, өзің шығар қыз іздеп қымыңдап келе жатқан!»– деп, күбір еттім. М.Қаб. ~ -Ойбай, апа! — шоршып түсіп артына тығылдым.— Шұңқырда бірдеңе жатыр, ешкінің басы ғой деймін, сақалы бар. — Өтірігіңе береке берсін,— деп, апам сене қоймады. О.Бөк. ~ ◊ Өтірігіңе береке берсін! Барып тұрған есектің миын жеген екенсің! М. Рысд. ~ Одан әрмен аң-таң қалған Анажар Ақбикештің мына айтқанын тіпті қисынсыз көрді. Қисынсыз көргені сонша: – Ой, өтірігіңе береке берсін, – деп күліп жіберді. Е.Әлім. ~ – Па, шіркін, өтірігіңе береке бергір! Сене қойдым. Түн, мереке, өзен жағасы, жігіт пен қыз… М.Қаб. ~ Қарағанына да сеніңкіремегендей, әрі-беріден соң саусағымен қыз көйлегінің жағасын ұстап көрді де: — Әй, өтірігіңе береке дарысын сенің, Белбармақов!.. Дәл мынадай қызыл түлкі дүние жүзінде болмас. Талай өтірікшіні көріп те, өтірігін есітіп те едік. Сенікі тіпті өлшемсіз екен, — деді көңілі қалып. Т.Нұрм. ~ — Өтірігіңе береке бемегір-ай! Сарысу бойын жайлаған, құмдауытта ойнаған сулы жердің баласы жүзу білмейді дегенге итім сене ме! Аң атуға ше? — деді Төлеп суға құлаған қалың киік табынына көз жіберіп. Ө.Кәр.
