Әлдебір істі жаныға, барын салып істегенде айтылатын кекесін; барын сала, жан ұшыра, жан-тәнімен д.м. ~ Бастықты аяғаннан ұтқысы келмейді. О кісі шахматқа әкесі өлгендей жан-тәнін салады, шаруасы шалқайса, кәдімгідей қызараңдап, шатақ шығарады — шақар… М.Қаб. ~ Көргем талай рет. Дүкеннің алдында тұрып ішіп ап, онан соң атын борбайлай сабап әкесі өлгендей көшені бойлай шабатын. С.Мұр. ~ … ауылға ылғи әкесі өлгендей сатыр-сұтыр шауып келеді. Азан шақырып қойған атының кім екенін құдай білсін, жұрт оны Лепірбай деп кетті. К.Қаз.
Қатты қайғырып, қапа болып д.м. ~ Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!.. Д.Әш. ~ Деді де, қос қолымен мандайын қысып, еңіреп жылап жіберді. Содан қойсыншы: ал кеп жыла, ал кеп бозда. Әкесі өлгендей ойбайлап кеп жыласын. Ә.Тар.