Posted in

ӘККІ БОЛҒАН

Тісқаққан, айласы мол, көп адамға зияны келген адам туралы. ~ Әккі болған иттер бәрі бірге жапа-тармағай ұмтылмай тосқауылдап қуады. Ғ.Мүс. ~ Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. І.Ес. ~ Түсінбейтін түгі де жоқ. Байға қайта-қайта шығып әккі болған қатын бір күйеуге тиген соң, екіншісін іздеп емексіп тұрады. Біз де тап сол секілді біресе завод болдық, сосын астық салатын совхозға айналдық, енді қой өсіруге көшіп жатырмыз. К.Қаз. ~ Жуан қара теректі паналап, біраз тұрдым. Осы араны тақырлап, әккі болған қулар мендей емес, батыл. Көше жақтан келе жатқан қыз қарасы көрінсе-ақ алдын көлденеңдеп, тосып тұрады. Б.Соқ. ~ “Кіші атам қандай әккі болған, қалың құмның арасында отырып жауға алдырмаудың айласын қалай тапқан!” – деп ойлады Құлжан. Ә.Тар.