Posted in

БАЙЫЗ ТАППАДЫ

а). Мазасы кетті, тыпыршып, отыра алмады; тыным көрмеді, дамыл таппады. ~ Бір жерде байыз тауып отыра алмайды: кіреді, шығады, жантаяды, айнаға қарайды, кестесін бір тігеді, бір қояды… Ж.Айм. ~ Жайнамазды дұрыстап ілді, әйтеуір бір жерде байыз тауып отыра алмай, оған да, бұған да алаңдай берді. Ж.Айм. ~ Кiшкентай қарашығы ойнақшып, байыз таппады. Сұсты сұғымен iшiп-жеп, жүзiндегi ызбарын аяздай батырады. Ә.Ыб. * Сол сәттегi жүрегiмнiң үздiгiп барып қайта соққаны, кеудемдi кернеп, байыз таппағаным жадымда. Т.Жұрт.
ә). Береке таппады, рахат көрмеді. ~ Күн жүгірді, түн жүгірді, қыпшақтың жерінен, Бетбақтың шөлінен өтті. Дамыл алмай, байыз таппай зыр жүгірген отыз тоғыз қыз өкпесі ұшып өлді. Ғ.Біл. ~ …сонау Адам атадан басталған адам ұрпағының небір асылдары, әлемді тітіреткен Сүлеймендей патшалары, Ескендірдей ерлері байыз таба алмаған бұл жалғаннан, ешкім де опа таппаған деп айтады. С.Ел. ~ Е, зулап бара жатқан өмір- ай деген. Табаны тайғанақ- ау шіркіннің, байыз тауып бір тоқтаса, қанеки. К.Сег.