Posted in

БАСЫН ҚАТЕРГЕ ТІКТІ (БАЙЛАДЫ)

Қауіпке барды; тәуекелге бел байлады. ~ Кеше келелі кеңес, ордалы отырыс күні заман бұлай шырқ айналар деп кім ойлаған. Ойлаған. Білген. Білгендіктен басын қатерге тіккен. Ақыры қан жұтып қазаға ұшыраған. Енді міне… Үлығың – майыр, ұлың – жандайшап… М.Мағ. ~ Сармолла жалғыз болса да, ауыр дерт үстінде, көп үшін өз басын күшті топтың жаулығына қарамай қатерге тіккен кісі тәрізденіп тұр. М.Әу. ~ Шіркін, Ағабек! Дос болса осындай болсыншы! Бұлар үшін өз басын қатерге де тікті-ау… О.Сәрс. ~ Махамбет шындық үшін күресті. Шындық үшін басын қатерге тікті. Егер біз осындай мінез қолданбасақ ұлттан айырыламыз, қазірдің өзінде айырылып тұрмыз. М.Шах. ~ Баласы қасында жүргенде де кәрі досының көңіл-күйі онша емес-ті, Бүгінгі күні жалғыз бала басын қатерге тігіп, көз көрмес, құлақ естімес жерге аттанып кеткеннен кейін сол сорлының көңілі тіпті кұлазып кетті ғой. Ә.Нұрп. ~ Ең ауыры – өткен заман емес, бүгінгі күн екен. Жеткен жерің, ақырғы нәтиже. Соншама мехнат пен азаптың төлемі осындай болса… кім үшін, не үшін басыңды қатерге байладың? М.Мағ.