Posted in

БАСЫН ТӨМЕН САЛДЫ

а) Уайымдады, қайғырды, қапа болды; қалың ойға берілді. ~ Әрі ойлап, бері ойлап, он алтыншы жылдың жазында елге оралдым… — Сәмет осы араға жеткенде басын төмен салып, терең ойланып қалды. С.Ом. ~ Баукең менің бұл сөздерімді тыңдаған жоқ, әлде не ойына түсіп кеткендей, басын төмен салып, үнсіз отырды. Ә.Нұрш. ~ Сарыауыз үні шыққаннан бір оймен басын төмен салып, Талпақты көз астымен үндемей бағып отырған Көлбай, енді анау есікке таман келіп қалғанда, екеуіне де естірте: — Пай, екеуі бүгін қырбай боп қалды деп еді, қақтығып қалмаса игі еді, — деді. М.Әу.
ә) Бетіне қарай алмады, жерге қарап қалды; ұялды; мінін мойындады. ~ Тағы да салып ұрып ат басын көзi үйренiп қалған үйге тiредi. Абырой болғанда iздеген кiсiсiнiң үстiнен басты. Ол бұл күткендей басын төмен салып, мiңгiрлей қарсы алған жоқ. Ежiрейiп, айбат шеге қарады. Жапар iштей «бедiреюiн, өткенде есек құрты мұрнынан түсiп, жылбырап отыр едi» деп ойлады. Ә.Ыб. ~ Отырғандар ду күлісті. Тұрар басын төмен салып қызарып кеткен күйі ыңғайсызданып отырды. К.Өт. ~ Оған қарағанда Ғазиза сұлық амандасты. Өз аяғымен іздеп келгенінен қысылды ма, әлде бейтаныс орыс жігітінен ұялды ма, басын төмен салып, көзін уқалағансып бетін баса берді. Б.Тоғ.