а) Әлдебір игі іске ниеттенді, жаңа жолды таңдады, мақсат тұтты. ~ Менің қорқатыным… оң жақта отырып жат жұртқа бодан болуға бет бұрған қыздардың, көптің үркуі емес. Ол қорқыныш әрі кеткенде, жүрексінуден аспас еді. Менің қорқынышымда үрей бар. С.Жүн. ~ Сенімен күнде тілдесер, күнде мұңдасар, жол көрсетер, қолтығыңнан сүйеп тірек болар, жабыққанда жаныңнан табылар жалғыз дос бар. Ол – Алла. Соған бет бұр. Содан жәрдем тіле. С.Елу. ~ Алда үңірейген қайта шықпас шыңырау. Соны көріп шошып шегінуі мүмкін. Тәубасына келуі мүмкін. Тақуалыққа бет бұруы мүмкін. С.Елу.
ә) Бағыт алды, жүзін аударды. ~ Осы сегiз үй iшiндегi ең бүтiнi және үлкендеуi ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай Абайдан озыңқырап барып бет бұрды. М.Әу.
б) Әлдебір іске бармады, жүрексінді, жүрегі дауаламады. ~ Жабай сыр берсе де, бұндай қауiптен әлi күнге бет бұрып, жалтарып көрмеген, өзi сөзуар, өзi орамды, алғыр Әбдiлда ығысқан жоқ. М.Әу.
в) Теріс қарады, іргесін аулақ салды. ~ Оның үстiне, үй iшiнен, жар-жаранынан, бала-бауырынан бет бұрып, бұғып жату тағы болса, ол қаншалық ұтылыс?” М.Әу.
г ~ Әлдебір жаңа іске аяқ басты. ~ Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің – Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Ә.Кек.
