Posted in

БОЙ ЖАЗДЫ

А) Азғана серуен жасап, бойының құрыс-тырысын жазып, әрі-бері жүрді, қозғалды. ~ Шамның оты қанған сияқты болған кезде ат қораға қайта жетектеп апарды да, ерттеп мінді. Кең дуалдың ішінде желдіртіп, бойын жазды. А.См. ~ Бұл кезде бұлар әлгіндегі қарауытып көрінген бөктерге де жеткен, Көкбай жерге бірінші боп секіріп түсіп керіліп– созылып, қол– аяғын сермеп біраз бойын жазды. С.Мұр. ~ Осындай сыпайы сөздермен біраз отырған соң, Төлеген: — Тамақты білейінші,— деп ауыз үй жаққа кетті. Жалғыз отыруды қолайсыз көріп, Бекболат та бой жазуға қораға шықты. Ж.Айм. ~ Бұл Ақынның соңғы бой жазуы екен. «Райымбек» оның ақырғы аманаты, өзіне жазған жоқтауы болып шықты… Қ.Ысқ.

Ә) Денесін тіктеді. ~ Күнбала алдан бір жақсылық елесін көргендей кенет қабағын шытып, бойын жазды. С.Ом. ~ Айнаш кереуетінің аяқ жағындағы орындық арқалығына ілулі тұрған трикосын киіп, төсегін жинады; онан соң терезеге жақын кеп, бойын жазды. М.Сүн.