Posted in

ДАҚ ТҮСІРДІ (САЛДЫ, КЕЛТІРДІ)

Арына нұқсан келтірді; атағына кір шалдырды. * Кіршіксіз боп мөлдірей жайнаған осындай бай, бақытты өлкесінің амандық, тыныштығына дақ салушы жыртқыштар Бекболдың иегінің астында, осы өңірге тығылып отыр. М.Әуез. * Және бұл әлдеқалай көңілдің ауытқуы емес, жүрекке мәңгілік дақ саларлық жұмыс болды. Б.Майл. * Асамбай Колчак үкіметін сағалады. Біріне бірі дүрдиіскенмен, дақ сала алмай, екеуі де іштерінен тынды. Б.Майл. * Кезім де болды қайғырған әрі шаттанған, Кезің де болды, қайтейін, маған дақ салған. М.Мақ. * Қу мыстан оған дағы бой берместен, Сиқырмен самұрықтан алып ұшты. Сиқыры самұрыққа дақ сала алмай, Иленіп ұмар-жұмар қайта түсті. “Нұрғаз”. * Өлең-жырдың табиғи осы қасиеттерін тани алмай кейбір айтыскерлеріміз қазақ өлең-жырларының абыройын түсіріп, инабатына дақ салып жүр. Ғ.Біл.~ Оның үстіне, сізден жақсылық көріп тұрып, бір қандасыңыздың қанын жүктеп кетсем, сіздің абыройыңызға дақ салып кеткендей болам. Б.Нұрж. ~ Ау, Адамдар! Пешенемізге берілген күрмеуге келмес жіптей қысқа ғұмырда бір-бірімізді табалаумен, көңіліне дақ салумен емес, сыйласумен, сырласумен неге өткізбейміз? Ә.Ысқ.