Posted in

ДӨҢ (ДОҢ) АЙБАТ КӨРСЕТТІ (ҚЫЛДЫ, ТАНЫТТЫ)

Сес көрсетті, қорқытып-үркітті. ~ Менің ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс. Кім маған немесе мен жұмыс істеп отырған үкіметке қарсы шығатын болса, көзіне көк шыбын үймелетіп, тұқымын тұздай құртамын! – деген дөң айбат көрсететін болды. Ж.Шәк. ~ Құдасы кеткесін Шекер қызына доң айбат көрсетіп, ұрысқан болды: “Жеңілсің, баласың, есің жоқ” деді. “О несі екен, кісінің көзінше тарс-түрс” деді. Ж.Айм. ~ Осылайша елемей қою, түсін суыққа салып, доң айбат көрсету деген де — құдайдың бір бәлесі. Қ.Жұм. ~ Бірақ қай жақта екенін Шәлтік тарс аңғара алмай қойды. Ұлуы тынбаған соң дөң айбат қып, тұрған орнынан тапжылмастан тепсініп: — Уа, һо-ой, һайт-һайт. Айтақ, айтақ, — деген болды. М.Әу. ~ Таңдары жалтылдап қара құйрық қашады. Анадайда дөңкиіп-дөңкиіп дөң айбат танытып тұрған қара жалдар салып ұрып қасына жетіп келгенде зәрелері ұшып бұға-бұға кеткендей, жермен-жексен бола қалады. Ә.Кек.

Қас-қабағымен қыр көрсету, зілдену, үркітіп-қорқыту. Ө.Кәр. ~ Ұстазы осы қимылың жөн дегенді айтумен тынды. Қарсыласына дөң айбат көрсеткенсіп кеуделеу мұнда жоқ. ~ Ал, əйелі сөзін малданбаған соң онымен айтысып жатудан не пайда деп ойлайтын. Анда-санда дөң айбат көрсетіп, ашуын тарқатып алуға балалары да үйде емес. Н.Кел. ~ Естуінше қиқар шал Бекболдың әкесіне мылтық ала ұмытылып, өзінше дөң айбат көрсеткен. Ө.Кәр.