Posted in

ДҮРСЕ ҚОЯ БЕРДІ

Оқыс тап берді; күтпеген жерден шабуыл жасады. ~ Неше күндей жылқы көрмей келе жатқан үйірсек жануар шаужайға қақсам да, болмай кісінеп қалғаны. Сол-ақ екен, дүрсе қоя берді. «Аттаншы аттанды» салып, жер де айғай, кек те айғай болып кетті. Ж.Айм. ~ Сол-ақ екен жау әскері бұларды маңдайдан тықсыртып, ішке біраз еніп кеткен кезде, екі қанаттың тосқауыл әскері қос бүйірден қаптағайлап дүрсе қоя берді. Ә.Кек. ~ Тіккен үйлердің дәл желкесінде қақпа сияқтанып біткен қос жартас бар еді. Соған келгенде аттан түсіп, ойдағы жиынға баспа қылып қарап отырды. Белгі алмақ. Демі дірілдеп мұрты түксиіп сұрлаңқырап алып, дүрсе қоя беретін мезгілін күтті. М.Әу.

Ұрсып берді, жекіді, дауыс көтерді; бетінен алды; тап-тап берді. ~ Сенің бір тулағаныңа түсіп қалсам, қазынаның наны жылмай ақсын, – деп Сарбасов та дүрсе қоя берді. Ж.Айм. ~ Сонда немене, қызымызды үйде отырғызып қоюымыз керек пе? Сандалып, әншейін… – деп қызын ұзатуға дайындалып жүрген Мұқаш Күндербекке дүрсе қоя берді. Т.Әбд.