Көшілік жұрттың пікірі, ойы, ұдайы айтылатын көкейкесті мәселесі. ~ Ботагөзді соңынан қуа жүре, өзі де міндетті қызметін атқара жүре, Асқар Ботагөз туралы елдің пікірін де байқастырды. Ботагөз туралы ел аузындағы сөз: «Аты әйел демесе, ерден артық», «Шіркіннің жібектей созылған мінезі-ай!», «Жап-жас бола тұра, салмақтысына не берерсің!», «Оқып та қалған қыз екен, заң-законге жүйрігі-ай, сабаздың!». С.Мұқ. ~ Ол кездегі ел аузындағы сөз де: «Қанға — қан! Жанға — жан!» еді. Талай қаһарлы жылдарды, жаппайқырғынды, жалаған аштықты көрген халқымыз дәл мұндай алапатқа жолықты ма екен?! Б.Тоғ. * Ә, Мәлкенің асында атқа шабады екен ғой, — десті. Бір жағынан, қызғанып та кеткендей болды балалар. Ел аузындағы сөзге қарағанда, ол бір айтулы ас болатын секілді. К.Қаз. ~ Көп ел егіншілікке айналып, адал еңбекке салынған соң, кей-кейдегі әңгімесі егін болатын. Қазірде жаз ортасы ауғаннан бері ел аузындағы әңгіме — сол биылғы егін жайы. М.Әу.
