Posted in

ЖАН ТҮРШІГЕР (ТҮРШІКТІРЕР, ТҮРШІГЕРЛІК)

Шектен шыққан, адамның аза бойын қаза қылатын үрейлі жағдай туралы. ~ Ожардың сонау жан түршігер қылығы, бұның да шыңырау түбінде мүлгіп жатқан ұйқылы-ояу сезімін оятты. Тыныш көңілін әлем-тапырық етті. І.Ес. ~ Сарбаздар, сайрандаңдар, сой қасқаны, Асау той жан түршігер айқастағы. Мың тойдан қызығы оның болар тәтті, Туған жер жаңғырықсын айлы аспаны. Ғ.Қай. ~ Осының алдында ғана сұмдық хабар жеткен. Бүткіл аудан шегіне таралған, жан түршігер оқиға. Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған жағдаят. М.Мағ. ~ Тіпті мүмкін емес деді ол өзіне – өзі, жиырма бес жастағы қызу қанды жас жігіт емес, ақыл тоқтатқан адам, сондай жан түршігер күнәні істеуі мүмкін бе. І.Ес. ~ Неше түрлі жан түршіктірер үнге басып бақырып, шарылдай берді. Мауыққан мысық нені тыңдасын. С.Жүн.

Аса қорқынышты; жан қинарлық. ~ Сол кезде қара шал (дана шал) қиналған елдің алдында кемпірі мен келініне жан түршігерлік жат хабарды домбыра тілімен жеткізген болатын. Ғ.Біл. ~ Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді? І.Ес. ~ … ‹‹Тоқтаның жіберген жансызысың›› деп жан түршігерлік қинауға салып, шықпаған жанын ақыры мылжалап зынданға салып тастады. Б.Жұм. ~ Ақыры Жәлелді жермен-жексен етіп көміп, әрмен қарай бірін-бірі қуалай ойнақ салып ұзап кетеді. Жан түршіктірерлік осы бір елес боран болса-ақ Акбөпенің көз алдынан әсте кетпейді. С.Жүн.