Posted in

ЖЕЛДЕЙ ЕСТІ

А) Лезде тарап кеткен әлдебір жаңалық, кеп, алып-қашты өсек сөздің жылдам тарауына сипат. * Кеш түсе ауыл аңдып, ана әйелді ұрлап кетіпті, мына әйелді зорлап кетіпті. Бәрі содан жүкті боп, бала тапты деген өсек желдей есіп тұрыпты. Р.От. * “Отыз тістеп шыққан сөз отыз рулы елге тарайды”. Түнеугі қамжығалылар ұстаған өлік сүйреткен ат жайы екі-үш күннен соң-ақ суылдаған желдей есіп, керейлердің құлағына тез жеткен. С.Жүн.
Ә)Асып-тасыды, елірді. * Дұрыс болсын, бұрыс болсын желдей есiп өзi сөйлеп, бақалардың бас шұлғып мақұлдай бергенiн қалайтын. Т.Сәук. * Келісімен желдей есіп, жаңа өлендерін оқысады. Желдей есіп, бірін-бірі арқаға қағып, мақтасады. Байқаймын, бүгінгі Пушкин, бүгінгі Абай осылар. Б.Соқп.
Б). Зымырады; шабысына көз ілеспеді; жылдам қимылдады. * Желісі етекті желп еткізбейді, желдей еседі. Туғалы мұндай ат мініп көрмеген Қартқожа «Мұндай да ат болады екен-ау!» деп сүйсініп келеді. Ж.Айм.* Ту- у, қасапшыдан бетер қалай тез бітіріп тастадып. Желдей есіп жүрсің ғой,— деді келіншегі күлімдеп.
— Саған адам жақпас. Тез істесе де — айып. М.Сүн.