Posted in

ЖУАН ОРТА

А) Көптің бірі; қалың елдің арасы. ~ Бірақ сонша жылдан бері араларыңнан жарқ етіп көзге түскен, кеудесіне алтын жұлдыз тағып, герой атанған біреу болды ма? Болған жоқ. Әйтеуір, жуан ортада, өгіз өлме, арба сынбамен жүріп жатқан жай бар. Қ.Жұм. ~ Оқуда да топтың жуан ортасында жүргендіктен жақсы аты да, жаман аты да шықпайтын. Қайта қыз басымен әпкесінің әуресі көп болды. Е.Әл.
Ә) Ықпалды топ. ~ Майысқақ, маймаң келетін жуан ортаның сырдаң мезіреті емес, адал жанның, ішіп-жемі болса, төрт құбыласы түгел жайдарылығын танытты. С.См. ~ Бірақ Ақылбек алдырмайтын да, шалдырмайтын да жуан ортаның жолбарысы болып шықты. Не керек, ол өзің де, Болатбекті де тығырықтан алып шықты. С.Ол. ~«Қымыз құдық» сайының кең көгалында, көптің жуан ортасында Қыдырдың Махамбетшесі, Батыраштың Жұнысы, Орынбайдың Әмірі, Азынаның Мұстапасы, Болыс Мұхтар, Есмақайлар отыр. Іргелес, аралас бірнеше елдің — Спасский, Қарағанды, Байдәулет болыстарының басшылары түгел бас қосқан. Ғ.Мұст.

ЖУАН ОРТАСЫ

Дәл іші, бел (қалың) ортасы, екі арасы. ~ Мана Арқалықтың басын жалап тұрған алтын сəуле заматта ылди біткенге шашырап, ол сəуленің жуан ортасында Күнікей де келе жатыр еді. Ж.Айм. ~ Көшенің жуан ортасына келгенде Ноғайқұл кербестінің басын оқыс тежеп: – Әттеген- ай, тарс есімнен шығып кетіпті- ау, Шәукеніме шаппа алуым керек еді. Барғасын жыласа, өмір жасым өксиді. Мен базарға қайта соғамын, – деді. Т.Әл. ~ Мақан Бектемірді итеріп тастап, төрге озды да, ысырылған шалдардың жуан ортасына барып, құйрық басты. С.См.