Posted in

ЖҮНДЕЙ САБАДЫ

А) Шаңын шығара ұрды, төпелей соқты, үсті үстіне пергіледі. ~ Делебесі қозған соң, астындағы мінгені жалпақ табан, жүріске шабан түйе екенін ұмытты, жүрген жолы кедір-бүдір, күрттік-күртік қар екенін ұмытты. Жүндей сабап, тепек қағып келеді. Ж.Айм. ~ Күркірей тасыған өзеннің өрі сеңдей соғылысқан, ызалы, адуын екпінмен аласұрып, толқынды толқын жүндей сабайды. А.См. ~ Бәрі де көк шайнек, шай, формулалы хат жайын білетін сияқты боп көрінеді. Ши шығуын тана күтіп жүр. Шықса болды, жүндей сабап, тірі күйде түтіп жейді. М.Қаб.
Ә). Гуілдетті, көпіртті, судай сапырды. ~ Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап – Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап. Абай. ~ Аулына Тұрысбектің Сара кепті. Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті. Сол кезде он жетіде ақын Сара Жел сөзге адам болмас одан епті. “Біржан – Сара”. ~ Жиылыс сайын шығып сөйлейтін болған. Қала халқы гу-гу қайнаған. Екпіндеген. Барлы-жоқты, жөнді-жөнсіз сөз жүндей сабалған. С.Сей.