Posted in

КӨЗ ЖАСЫН КӨЛ ҚЫЛДЫ (КӨЛДЕТТІ, КӨЛДЕЙ ҚЫЛДЫ)

Ағыл-тегіл, тоқтаусыз жылады, зар қақты. ~ Баланың өліміне өзін кінәлі санаған ол осы күнді әрі сарғая, әрі үрейлене күтіп еді-ау. Көз жасын көл қылып тұрып, еріне болған жайды айтып берді. Ш.Айт. ~ Бірақ, барлығын сезбеген Әуген көз жасын көлдетіп жылап келеді, жылап келеді… Ж.Шәк. ~ Жетім дейтініміз — теңіз тасбақасы жұмыртқаларын құмға салып болысымен-ақ көз жасын көл қылып, суға қарай сүйретіледі. Ш.Мұрт. ~ Әке, қайтсе де бармаңыз. Олар жаман адамдар, қырады ғой. – Жылама, жыламашы. Көз жасын көлдете беру жақсы ырым емес. Ж.Шәк. ~ «Шықам­ау, шалым­ау, шынымен сенен айрылып қалғаным ба!» деп қос мықынын таянып, көз жасын көлдей ғып боздаған сары келіншекті прокуратура біраз сүйреген. Т.Сәу.

Зар жылады. ~ Қарындас пен қара орман қалғаннан соң, Көздің жасын көл етіп ағызамын. Қожаб. жырау. ~ Біз не жаздық, уа, жасаған, Көздің жасын көл еткендей? Кім бар еді алды-артымда Сая болар жебеп сендей? Б.Тоғ. ~ Екеуі де еңкілдеп жылап, көздің жасын көл қылды. Ш.Мұр.