Posted in

КҮЙТІН КҮЙТТЕДІ

Бір нәрсенің жағдайын ойлап, жанын салды; қамын жеді. ~ Жалғыз қараша бота емес, індігештен-індігешке шөп-шөңге сүйреткен құмырсқадан бастап барша тіршілік иесі, қай сиқырдың құдіреті екенін кім білсін, әуелде де өзі тіленіп келмеген жарық жалғаннан өздігімен кете алмай, ішінен ештеңе өтпесе, шоқ түскендей жалап шыдатпайтын қу өңештің күйтін күйттеп тырбынып бағады. Ә.Кек. ~ Берегірек кеп билік қолына тигенде де келешектің қамын жеп, ертеңгі күннің күйтін күйттеудің орнына алдақашан сүйегі қурап қалған ата-бабаның аруағын қуып, арын арлап кетті. Сонан не ұтты? Не мұратына жетті? Ә.Нұрп. ~ Егер жұрттың түн жамылып кеп айтып кететін қолқасын ашықтан-ашық мақұлдаса, арты не болып кетері белгісіз дүдамал шаруаның күйтін күйттеймін деп жүріп, босқа арам тер болып, ертең ақ патшаның алдында жалғыз айыпты өзі болып шыға келуі де мүмкін ғой. Ә.Кек.