а) Күн түсті, күн өтті. ~ Бұл — бұрынғы көзі күлімдеген, жаңа қойылған сұлу қияқ мұртты, қыр мұрынды, бетін күн шалып сәл күреңденген аққұба жігіт емес, электр ток ұрғандықтан, беті қара қошқылданып кеткен, адам деген құр бейне… І.Ес. ~ Біртіндеп, таң аппақ боп атып, күн шалған қарлы шыңдардың басы нұр сәуле шашып, жарқырай бастады. С.Мұр. ~ Ақшоқының биігін күн шалып, төңірек ағара бастапты. Ә.Асқ. ~ Сықсиған кересін шамның қызғылт сағымында қан тепкен қызыл күрең жүзі тым сүйкімді, албыраған күн шалды апорттың шық қонған қабағындай тым тәтті екен. Қ.Ысқ. ~ Толқындап жаңа өсіп келе жатқан қолаң шашын сумен шылап арқасына қарай қайыра салып тұрып, қырқа-қырқаларын күн шалып келе жатқан күреңала тауға көз тастап ойға кетті. Ш.Рах. ~ Масаты бар шынын ақтарып отыр. Қыз кезіндегідей емес, жалпайып семіріпті. Үйдің шаруасын өзі жайғаратыны көрініп тұр, жүзін күн шалып күрең тартқан. З.Шүк.
ә) Бақ қонды. ~ Жаңағы келісті әйел соның қызы Бәтима жиырма бес жасынан жесір. Күйеуі Алтын төре Абылай ханның ұрпағы. Лайықты аменгері болмаса керек, сонсоң сабырлы Бәтима күн шалған шаңырақты, ыңыранған ен дәулетті басқа біреуге жем қылмай, Алтыннан қалған жалғыз ұлы Сұлтанды медеу етіп отырып қалыпты. Ғ.Мұст. ~ . Тек Мұстапаның тұсында жас Ақмет бір рет алып кеткен екен, ұзамай өледі. Болыстық белгілі орынға қайта барады. Сол Ақмет Сарыбаланың әкесімен бірге туысқан — Қыдырдың үлкен ұлы. Қыдырдың әкесі Матай Игілікпен тұстас, он екі мың қой біткен, Мұрат ішінде күн шалған төрт шаңырақтың бірі. Игілік, Матай, Ақпан, Орынбай — бүкіл Мұратқа ие. Ғ.Мұст. ~ Әубәкір жаңа байып келе жатқанда пристав апарып атақты Азынабайдың үйін қаттаған. Доскей сонда: «Жұманға он жеті мың жылқы біткен,
Үш жүзді үш аулым деп Тәті өткен.
Көлдей боп жататұғын дастарқаны
Кешегі Азекеме кім бар жеткен?!
Күн шалған Орта жүзде қара шаңырақ
Қаңғырған қара сартқа болды-ау мазақ!
десе, енді онысынан мүлде өзгеріп қалыпты.
Бармысың есен-аман, Әубәкіржан.
Әкең иман үйреткен елімізге.
Өзіңнің жүрген жерің міне думан,
Құдайым аямастан бере салды
Бұл күнде қарады аузыңа бүкіл дуан…» – деп қақсай бергенде, Әубәкір:
— Болды, болды! — деді қолын көтеріп, — әркімге бір төсеген майлы көпшігіңе зәру емен. Одан да бір жақсы ән салып жібер. Ғ.Мұст.
