Posted in

ҚАДІРІ КЕТТІ (ҚАШТЫ, ӨТТІ)

Абыройы кеміді, құны азайды, беделі кетті. ~ Мысалы, өтірік айтқан адамның сенімі кетеді, ұрлық қылған адамның қадірі кетеді. М.Жұм. * «Өзінен кейінгі жас текелерге орнын босатып, үйірден қуылған сорлы болдың-ау деп ойлады ол. Иә, бәрі де өз уақытында мықты. Бейшара бала-шағаға қадірі кеткен мен сияқты болдың-ау!». К.Сег. * Олар туралы бар шындықты ашып салсаң, иісі ит баласының беделі түседі, қадірі кетеді. Д.Әш.* Абылайдың аты әлі шықпай, хан атаулының қадірі кетіп тұрған кез, Әлихан Бөкейхановтың азаматтығы да ақталмаған. Қ.Ысқ. * Күннен- күнге қадірі қашып, сыйлы болудан қалып барады. Т.Шап. ~ Әйтеуір ұзын- ырғасынан ұққаны: ұлын да, келінін де келістірді. Бірі қатынжанды, біреуі байжанды. Аналарын бесіктен белі шықпаған балалары құрлы сыйламайды. Қадірі қашқан. Өздерін осы күнге жеткізгенін ұмытқан. Т.Рыск. ~ Қыз ұзатқандай бәрі жылап-сықтап шығарып салды. Дәмелінің жас та болса ағайын арасына қадірі өтіп қалғанын Нарғазы сол жолы әбден аңғарды әрі әпкесінің бойынан бұрын көрмей жүрген бір ерлікті байқады. К.Қаз.