Есту қабылетінен айрылғандай болды; түк естімей қалды; саңырау болды. ~ Келесі сәтте тұла бойы өртенді. Құлағы тарс бітелген. Сірә, адам қатты қызғанда шықшыт еті өседі… ештеңе естімей қалды. Айнала тым-тырыс. С.Нұғ. ~ Құлағы тарса бітеліп, ой санасы өзгеше дүниенің есігін ашып, ептеп басып ішіне енгендей хал кешкені. Д.Досж. ~ Күреңбайдың жан терге түскен масқара кескініне тесіле қарап тұрмыз. Құлағы тарс бітіп, жағы қарысып қалғандай, жуық маңда үн қататын түрі жоқ. С.Ом. ~ Аяқ астынан екi құлағы тас бiтелiп, меңiреуге айналды. Ә.Ыб. ~ Шеге тұрған жерінде сілейді де қалды. Бір сәтке құлағы тас бітелгендей. С.Ел. ~ Тілі байланып, құлағы тас бітіп қалған тәрізді, сөйлеуге дәрмені жоқ, жан-жағына алақтап қарай берді. Б.Тоғ. * Дьяковтың ұрыс кезінде тас боп бітіп қалған кұлағы қазір біраз ашылып, окоп бойынан ыңырсыған дауыстарды ести бастады. Ә.Нұрп.
