Рахаттана тыңдады, қайта-қайта тыңдай бергісі келді. * Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым еді. Т.Әл. ~ Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Серпер» күйлері мен Түркештің «Көңілашары» барлық концертте орындалады. Бұл күйлер орындалмаса, тыңдаушының құлақ құрышы қанбайды. Біздің оркестрдің төлқұжатына айналды деуге болады. БАҚ. ~ Аға буын әншілер. Алыптар. Ұмытылмайды. Ешбірі… Ал енді әңгімемізді солардан бастап, Камила Абдуллинаны еске алумен аяқтағалы отырғанымыздың сырын ұққан боларсыз. «Қарлығаш!». Қанша рет тыңдасаң да құлақ құрышы қанбайтын әсем ән, Ахмет Жұбановтың «Абай» операсына еніп, жүрек тербейтін «Қарлығашы». З.Асаб. ~ Сенің көңілді көркіңе көз тоймай, күмістей күлкіңе құлақ құрышы қанбай өтетін шығар бұл дүниеде. Қ.Мұх.
- Естігеніне көңілі толмады. * Ақынның ажарсыз шыққан сөзіне құлақ құрышы қанбаған Андас әншейіндегі сыпайгершілік мінезден аспаса да, аузын толтырып айтатын ештеме таппағандай … О.Сәрс.
