Posted in

СІЛТІДЕЙ ТЫНДЫ (ТҰНДЫ)

Дыбыс шығармай, үнсіз қалды; мүлги тыныштанды. ~ Қарқаралы үйезін шулатқан, тақауда ғана Сарым Аманбектің ауылын шауып, адамын қырып кеткен Айнабековтен жапсарлас отырған Ақмола үйезінің, қазақтары да сілтідей тұнады. Енді сол аты шулы Айнабеков бандиттың жолмен келіп, басқа елге, басқа дуанға бүлік сала бастады. Ғ.Мұст.~ Маған ілесемін дегендеріңіз қара қойдың қанына қол батырып соңымнан еріңіздер. Ал кетпеймін, қосылмаймын дегендердің өз еркі өзінде, –деп аяқтады сөзін.Сілтідей тынған жұрт аздан соң күбірлесіп кетті. Ж.Шәк. ~Қораның іргесіне терең қазып төрт мықты қада орнатты. Мұндай көрмеген жұрт демін тартып сілтідей тынған. Т.Әсем. ~ Ағатай-ау, осыған бола оп-оңай бүліне қалғаныңыз қалай? – деп орнынан ұшып тұрды. Мұхаң кенет сілтідей тынды. З.Қаб. ~ Жігіттердің көзі қара қасқа атты батырда, сілтідей тынып тұр. З.Шүк. ~ Әлгінде ғана сілтідей тынған жансар табиғат құтырынып шыға келіп, бұлтсыз күн күркірегендей … күй туды. Ғ.Біл. ~ Ініміздің мойнына қарыз мініпті, – деді жайлап қана. «Қарызданып қалыпты» – деген сөзді тағы қайталап айтты. Жұрт сілтідей тұнып отырған. Д.Досж. ~ Қиық қара мұрты жылтырап, жұқа жүзге әлдебір нәзік күлкі тектес рең жүгіріп қалың жұртты сілтідей тұндырған әнші ойнақы, жеңіл әуенді балдай созады. С.Смат.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *