Пішіні мен көлемі тайдың тұяғына сай келетін алтын не күміс жамбы, яғни ақшаның орнына жүретін құнды зат. ~ — Шырақтарым, хан бізге жеті атасынан келе жатқан қорығын берген болса, бұрынғының сөзі бар еді: «Хан қарашасына қайыр қылса, қараша ханға сый қылады» деген. Ханға бәйге ат бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тай-тұяқ жамбы, өзгелерге ат, шапан жол беріп сыйла! — депті. ҚАӘ. ~ Кәзіргі қала деп жүрген Отырар, Сығанақ, Сауран, тағы басқа да қорымдар ол кезде бекініс болатын, солардың бәрінде ирандықтар мен солардың итаршылары отырды да халықты теспей сорып, тай тұяқ, қой тұяқ алтын мен күміс жинады, жыл сайын екі мезгіл салық салып тұрды. (Солардың ішіндегі ең озбыры да, қатыгезі де Мұхамед-шах еді). Қ.Ысқ. ~ Түркістан датқасынан қалап алған тайтұяқ жамбы Алшынбайдың ашуын басуға, араға жүрген мешкей билерге жұмсалды… Өл деймісің енді… Д.Дос. ~ Осы сөзді естіген Батпа Құнанбайға арыз айтып ата-баласынан жер еншісін бұйыртып алмақ болып дайындалады. Арыз айта барғанда құралақан бармайын, ол кісіге сыйға тартар бұлғын ішік, тай тұяқ жамбым жоқ, тек қол өнерімнен ырым апарайын, – деп бір қанат ши орайды. С.Бег.
