Жым-жырт үнсіздік, өлі тыныштық. * Басында оқыс бір ой оралды да, Өмірбек сескеніп қалды: табыттай тыныштық пен қараңғылық басып тұрған мына үлкен үй кімге құтты мекен болған? С.Шайм. ~ Бір сәт табыттай ауыр тыныш-тық орнады. Әзірейілдің алып көлеңкесі көз жетер жерді басып қалғандай болған осы тығырық-тан Ерүміт алып шықты. А.Әк.
Автор: Админ
ТАҒАЛЫ АТ ТАЙҒАНДАЙ (ТАЙЫП ЖЫҒЫЛҒАНДАЙ)
Жап-жалтыр, тұқыл жоқ, тұлдыр жоқ. ~ Зиялы қайраткерлерімізді бір-біріне қар-сы қойып, қаралағаннан онсыз да қы-рық пышақ болып, қырық руға бөлуге даяр тұрған бейдауа көңілдің абыройы артпайды. Шетінен тағалы ат тайғандай, бір жерде білгір, бір жерде міңгір тарихшысымақтарға «асыра айтсаңдар да, асыға айтпаңдар» дер едім. А.Құс. ~ Иегінен тағалы ат тайып жығылғандай дегеннен сақал- мұртынан жұрдай, көсе дегенді ұғынамыз. Мұнда да мағына тұтастығының бірлігін айқын байқаймыз. Қ.Сәр. ~ … қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай. Ғ.Мүс.
ТАҒАЛЫ ТАЙ ТАСТАМАДЫ (ҚАЛДЫРМАДЫ)
Түк қалдырмай тонап кетті. ~ «…Тәукеге сәлем де, Тобықтының бір жүректі баласы еді. Керейдің қорлығы өтті. Жақында Сарытоғалақтың тағалы тайын тастамай шауып кетті. Тобықтыдан тудым десе Тәуке осы кекті бір қайырып берсін!»—депті. І.Жанс. ~ Аулына тастамаспын тағалы тай, Жылқы алсам найза қағып көңілім жай. Жіберсе Ақмолаға жер аударып, Өз оғы Тобықтының өзіне май. І.Жанс. ~ Әбділдә (Төлешке). Не қылдыңдар, қарағым, жылқы ала алдыңдар ма? Төлеш. Алмақ түгіл, тағалы тайын қалдырғанымыз жоқ. Желісін қиып, құлындарына шейін алып келдік. М.Әу.
ТАБАНЫН ТІЛДІ
Жазалады, жұмысқа жекті, құлдыққа салды. ~ Асқақ басын иілтіп, Табанын тіліп құл етіп, Алдыма алып келіндер! М.Әу. * Төсек салғызып жатып қалды. Бүгін келген қонағын ертең табанын тіліп, қара жұмысқа қоспақ. М.Қаб. * Қызды енді қайта біреуге сатқанға дейін күң орнына жұмсап, баланың табанын тіліп қозыға салып қойса, аз олжа емес. Ж.Ахм. * … мойнына бұршақ салып Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы осы Жақыпқа дейін табанын тіліп отырып жұмысқа салған. Қ.Ысқ. * — Сол ант ұрғандар ғой, елдің ұл-қызын орысқа апарып напақа түсіріп, тірлік етіп жүрген. Шіркін солардың табанынан тіліп, қылтасын қияр күн болар ма екен, — деді тістене. Б.Жұм.
ТАБАНЫН ТІЛІП, ТҰЗ СЕПТІ
Қинады, озбырлық көрсетті. * Ұстаңдар мынаны, табанын тіліп тұз сеуіп, өзін сірілеп тастаңдар! — деді Бөке айғайлап. Б.Жұм.
ТАБАНЫНА КІРГЕН ШӨГІР МАҢДАЙЫМА КІРСІН
Саған келер зауал алдымен маған келсін, саған түскен қиындықты мен тартайын д.м. тілеу. * Көзі ілініп бара жатып, ауыз үйде күйбеңдеп жүрген қарияның сыбырын естіді. — Е, жаратқан алла, жанын жалдап жүрген жалғызымның табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін! Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! М.Қаб.
ТАБАНЫНА САЛДЫ
Тізесін батырып қинады, құлдыққа салды. ~ Неғұрлым табанына сап тапап, жаныштап тастағысы келген сайын солқұрлым оған өзінің күші де, кұдіреті де жетпеді. Ә.Нұрп. ~ Е, хан ием! — деді аяр мыстан. — Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. А.Сей.
ТАБАНЫНА ТАС БАТТЫ (ТІЛДІ)
Өмір зардабын көрді; мойнына ауыртпалық түсті. * Тікен кіріп, тас батты табанына, Тербетілді нөсер мен дауылында. З.Шілд. ~ Әлде Кенжекейдің: «Алты аяқты ала атың, қулық бие құлыны, табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе, алты күнге жарамас», — деп төмен баға бергендігінен бе екен. Ж.Қақ. ~ Сөйтіп, осы үйде бес жан тұрып жатты, бірінің табанына тас батса – бәрі ақсады, бірі ауырса – бәрі сарнады, бір жұлдыздың бес тармағы секілді сәуле де бәріне бірдей, тең тарады, бес бұтақты бәйтерек еді, кенет негізгі түпкі тамырды дерт жайлады, біреуді тексерем деп өз күнәсінің үстінен шықты. Ж.Нәж.
ТАБАНЫНА ШОҚ ҚАДАЛДЫ
Тыным таппады, отыра алмады, шоршып түсті. ~ Занко үйге түнемеген күні Едіге кірпік ілмейтін: табанына шоқ қадалып, безіп кететін. Сенделіп жүргені жүрген: жүрегі лүпіл қағып, бір тыным таппайды, үйге мың кіріп, мың шығады. Еш затқа зауқы соқпайды, қолы да іске бармайды: нағыз делбе болып алатын. Т.Ораш. ~ «Мен кадрлық резервтен едім…» деген алғысөзімді естісімен-ақ, облыстағы атқамінер ағатайларды айтпағанда, аудан әкімінен бастап бөлім бастықтары бар, не керек жасы да, кәрісі де табанына шоқ түскен шайтандарша шоршып түсті. Е.Тол.
ТАБАНЫНАН (АЯҒЫНАН) САРСЫЛДЫ
Жүре-жүре шаршады, титықтап, болдырды. ~ Уәли үйге дабырлай кірді. – О, батырлар, мында екенсіңдер ғой. Сендерді іздеп табанымнан сарсылдым ғой. Т.Ахт. ~ Әйтпесе, дәл осы бүгін дүниедегі бар жамандық бір басына үйіліп-төгіліп, жапан түзде аяғынан сарсылып тұрғанда басқа жақтан емес, тек бір жақтан, онда да үнемі сол жақтан ұрланып келе жатқандай болатын себебі не? Ә.Нұрп.
