Барар бағытын тапты, жолынан адаспады (адасты) д.м. ~ Оған мен қарсы болмас ем, егер табан жолымызды таба алатын болсақ!.. Дала көрдей қараңғы!..Түк көрінбейді!.. Жердің миы шыққан саз!.. Аяқты қия басып болмайды… С.Мұқ. ~ Өмір деген осы: біреу табан жолын таппай қырға қарап меңірейді, келесі кісі қашан еңіске түсемін деп ылдиға өңмеңдейді. Д.Дос. ~ Сонда сіздер не ұстайсыздар терезеге? – Кенеп сияқты тозған шүберектен. – Одан да сәуле түсе ме? – Табан жолды табу да, әйтпесе, жарық боп не оңдырады дейсіз. С.Мұқ.
Автор: Админ
ТАБАН ЖОЛЫНА МЫҚТЫ
Алған бағытынан таймайтын адам туралы. ~ Бұлар Амантайдікіне түсіп, келген жұмысын айтты. Амантай момын шаруа болғанмен де намыскер, табан жолына мықты кісі еді. С.Көб.
ТАБАН ЖОЛЫНАН ТАЙМАДЫ
Алған бетінен қайтпады. ~ Қылмыскер деген екен, демек тек қылмыскер деп дәлелдеу керек, басқаша байлам – болашағыңа қойылған крест. Сондықтан табан жолынан таймайтын өлермен тергеуші өзі алдын ала кесіп-пішіп алған жорамалын дәлелдеу үшін айыпкерін қия бастырмай қақпайлап қуды да отырды. Т.Сәу
ТАБАН ҚАРЫС
Қазақи өлшем бірлігі, көбінесе "әжептәуір үлкен, жуан" д.м. қолданылады. ~ Және оның денесі түгел май. Майының қалыңдығы табан қарыс болады. Сүйегіне жабысқан бір елі ғана еті бар. Сол етінен сүйегін сылып тастағанда отыз-қырық кило май береді. С.Мұқ. ~ Осынша безендіруге бойы қысқарақ болар дегендей, аяғыма өкшесі табан қарыс шоңқайма етік тіктірді. С.Мұқ. ~ Басы да адамзаттың зоры жалпы жобасы үрген қарындай дерлік ол басқа біткен қалқан құлақтар, табан қарыс көздері піл сияқты, сығыр, мұрыны тары түйетін келідей жалпиған аузын төңіректеген еріндері бір-бір кесек ет, түбіттенгелі ұстара тигізбеген қара бұйра қалық сақалы, бетінің мұрнынан басқа жерін түгел жауып, төсіне өскен түгімен тұтасып кеткен. С.Мұқ.
ТАБАН СЕРЕ
Қазақы өлшем. ~ Жылқының қазысын өлшегенде пышақ сырты, қыл елі, жарты елі, шынашақ, бір елі, бармақ елі, екі елі, үш елі, төрт елі, сынық сүйем, табан сере деп талдайды. Қ.Сар. ~ Қазының да өлшемі бар. Әрине, сыртына қарап арық- семізін анықтаған ата-баба бірден қазы өлшемін дөп басып бағамдамаған болса керек. Десек те, шынтақ, елі, бармақ, екі елі, үш елі, сере (табан) деген қазыларды ажырата алған. Бүгінгінің көп жұрты осы бір өлшемдерді білмей, не шатастырып жаңылып жатады. Бұл өлшем адам саусақтарымен өлшенеді. Мысалы ең кішкентай саусақ шынашақ – «шынтақ қазы», сұқ саусағыңыз – «елі», бас бармақ – «бар-мақты», сұқ саусақ пен ортаншы сау-сақ – «екі елі», үш саусақ – «үш елі», төрт саусақ бірдей болса ол – «сере», яғни, «табан» қазы. Ж.Аман. (Ortalyq.kz)
ТАБАН СЕРІППЕДІ
Орнынан қозғалмады. * Үш күн бойы табан серіппей оқ жаудырысқанда, бір қадам ілгері аттамай қан-қасапқа ұшырауда. Ә.Кек.
ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ
Үйге кірді, ішке енді. * — Бұдан былай біз көріспейміз, Беке! Фильм түсіресің бе, жүк тасисың ба, есектіңартын жуып, мал табасың ба, қайтсең өйт, тәтеңнің аз пенсиясына көз сатып, алақан жайғаныңды қойған күні ғана менің табалдырығымды атта! Оған дейін менің есігім сен үшін тас жабық, — деді. М.Қаб. * Еркінен тыс бір тылсым күш жетелеп әкелгендей. Табалдырықтан аттағаны сол еді, алдынан ақша бет, аққу мойын, әдемі бойжеткен сылаңдап шыға келді. Д.Рам. * Анадан туған осы күнгі нәрестедей, мен де алғаш дүние табалдырығын аттағанымда — жылағам. Т.Берд. Әлдебір межеден аттап өтті, жаңа бағытқа бет алды. * Өңшең жалшы бас қосып, жуырда ғана ел болды.Колхоздасып, жаңа өмірдің табалдырығын аттады… Т.Берд. ~ . Өндіріс іргелері бой көтеріп, жұмысшы тобы күлтеленіп, әсіресе жас жалынды қауымның басы қосылуы, жаңалықтың жарқын табалдырығын аттағандай еді. С.Бег.
ТАБАЛДЫРЫҚТЫ ОҢ АЯҒЫМЕН АТТАДЫ
Қадамы сәтті болды. * Ақыры екінші курсты бітірместен «КазГУ»-ге ұзатылып тынды. Недегенмен әдебиеттің табалдырығын оң аяғымен аттаған жігіт. Т.Сәу.
ТАБАН АСТЫНДА (АСТЫНАН, АРАСЫНДА)
Оқыстан; күтпеген жерден; аяқ астынан; кенет. * – Ой, ойнауын сен ойнадың-ау, ұялауын мен ұялдым ғой, – депті жұлып алғандай, табан астынан тауып сөйлейтін шешен режиссер. Ә.Сығ. * «Тоқта! Қайт кейін!» Табан астында былайғы ойдың бәрін белден омырып, көңіліне ұялай қалған осы бір оқыс бұйрық көмейіне кептеліп тұрып қалғандай. Ә.Кек. * Көзіңізден ештеңені оқытпадыңыз. Оқи алмағам. Ерініп отырғандайсыз. Табан астынан жыным қозып, қырсығым қабындады. М.Байғ. * Шартықбайдың күрік болған шұбар тауығы қанша жұмыртқа басып жатыр? Мүдірмей, табан арасында оны да айтып береді. С.Сағ.
ТАБАН АСТЫНДАҒЫ
Осы тұрған жеріндегі, жақын маңдағы. ~ Ақырында машина ыңырсып жон басына шыққан кабинада селкілдеп келе жатқан Жетібас кемсеңдеп көзіне ыстық жас үйірді. Онысын жанындағы Ақбатаға білдіргісі келмей қиыс отырып табан астындағы еңіске тігілген. Д.Дос.
