Posted in

ТАБАНҒА ТАПТАДЫ

Қорлады, езіп-жаншыды, озбырлық жасады. ~ Есенгелді (бұлқынып). Кездесерсің әлі де! Бір большевиктің орнына жүзіңді, ана ақсақалдарың мен мына сайқалдарыңды жалпақ табанға таптармыз әлі!.. Б.Майл. * — Бұл не деген сұмдық! Уәли тұрмақ, Құдай болсаң да, бетіңе айтайын. Ата салтыңды, дініңді табанға таптайтын кім едің сен?! Қазақтың шалдарын қырып тастап па едің?! — деген-ді. Т.Рыск. ~ Сұңқардың сорын қорғаңдар, Сұңқар екенін білгесін. Тарыға тойған торғайлар, Табанға таптап жүрмесін. Бауыр.Үс.

Posted in

ТАБАНҒА ТҮСТІ

Құлдыққа түсті. * Аузымыздан жазып, арамызға алалық кірер болса, тағы да табанға түсіп, бөтеннің боданында қаламыз» — дескен-ді. Сол қақсау әлі қақсау! Ә.Кек.

Posted in

ТАБАНДАҒЫ ТҰЯҚ

Сүйеніші, үміт артары д.м. ~ «Өлгенде аға көре алмай, Қолымнан сусын бере алмай, Арыздаспай, қоштаспай, Ажалың жеттіау алыста-ай» — деп алдыңнан шығады -ау, Жалғыз інім Сансызбай. Қанатымда қияғым, Табанымда тұяғым. Жазылмас жерден ауырдым, Емшіні қайдан табамын. "Қыз Жібек" ~ Алысқа қиялар қаршыға көз төңірегін ғана ториды. Аңдығаны — өз іргесі. Бірі табандағы тұяқтай ата- баба даңқын түптесе, бірі тегеуріні төрт елі барлығы мен батырлығын діттейді. С.См

Posted in

ТАБАНДАП (ТӨРТ ТАБАНДАП) ТҰРЫП АЛДЫ

Сіресті, орнынан қоөғалмады. * Қатерді мүлде үмытқан, тек қана алысуға, қарысуға, табандап тұрып салысуға тісін нық басып апты. М.Әу. * Әбден болдырған сияқты. Жетекке ілеспей, тартыншақтай береді, Аздан соң мойны сол жағына қарысып, табандап тұрды да қалды. М.Мағ. * … талай рет бұны жоғарылатып, қалаға көшіріп алмақ болғанда, талапсыз ынжық неме көпір аузында аяғын баспай табандап тұрып алатын тартыншақ түйедей, жеме-жемге келгенде жетекке ермей сорлатты. Ә.Нұрп. * Енді жетектегі ат ермей қиғылық салсын. Басын кекжите шайқап, төрт табандап тұрып алады. Т.Сәу.

Posted in

ТАБАНДАП ЖАТЫП АЛДЫ

Орнынан бір табан қозғалмай сіресіп, қасарысты. * Сол кезде барлық аттылы-жаяу тұрған жиын байталдардың мойнында сүйретіліп жүрген арқандарға үштен, төрттен жабысып, табандап жатып алысты. Сүйтіп, соңғы қашағандар да тегіс ұсталды. М.Әу. * Айдың да кеткісі жоқ көк бетінен, Табандап жатып апты етпетінен. М.Мақ. * Кіріспесін қыздырмалатып-ақ алып кеткенмен, кірісер жердің өзіне келгенде қыр асуға мұршасы болмай, ентігіп қала береді. Қаламдары табандап жатып алады. Ғ.Қаб.

Posted in

ТАБАНДАТҚАН (пәленше) ЖЫЛ БОЛДЫ (ӨТТІ)

Аттай пәленше жыл өтті д.м. ~ Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйіңде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. Ж.Айм. * Ойлап қараса, бұл жерге келмегеніне табандатқан қырық жыл өткен екен. С.Ом. * Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. ҚЕ. * Табандатқан жетпіс жыл бойы орысшасы орығып тұрған Көкшетау қаласын соңғы бірер жылдың бедерінде ағылшын тіліндегі атаулар жайлап кетті. БАҚ.

Posted in

ТАБАННЫҢ БҰДЫРЫ (БҮРІ) КЕТТІ (ТАЙДЫ)

Күш-қайраты кеміді. * Ішік киіп, тон жамылып дегендей, былайғы күпигені болмаса, баяғы қайраты қайтыңқырап, табанның бұдыры кетіңкіреп қалғанын, әсіресе, биыл қыста айқын аңғарды. Ә.Асқ. * – Қайтейін енді… Кәрілік келіп, табанның бүрі кете бастаған соң, ата жұрттың топырағы бұйырса деп тілеп едім… Ә.Асқ. ~ Халықтың «асыраушысы» һәм «жөн сілтеушісі» партияның табанының бүрі тайған соң, осы аппараттағылардың көбіндей бұл да сан соқтырған сарсаңға тап болды. А.Жұм.

Posted in

ТАБАНСЫЗДЫҚ ТАНЫТТЫ

Әлдебір қиындыққа шыдамады, жалтарып кетті. ~ Оның үстіне, редакциялық өнеріміздің жетерлік болмауынан илеуі қанбай, олпы-солпы болып қалған жәйіттер жоқ деп тіпті де айта алмаймыз», — деп дүдәмал оймен табансыздық танытып, күдік күмәнға жол беруінің өзі біраз мәселені аңғартса керек. Ж.Шәк.~ Рас шығар, әйтпесе бекерден-бекер айтпайды ғой. — Бауырының көңілін демдеп қойды. Алайда өзінің арғы жағы сонда да табансыздық танытып, — жарақат қалай түскен? — деді. Ә.Ыб.

Posted in

ТАБАНЫ БҮРСІЗ (ДӘТІ ӘЛСІЗ)

Шыдамы жоқ, қайратсыз. ~ Олардың да табаны бүрсіз, самал қайдан соқса, солай қарай мұрнын тосып тыныстайды, күн қайдан шықса, солай қарай аузын ашып шуақтайды, яғни пайдалы жаққа бетін бұрады, енді ісі түспейтін жаққа бөксесін бұрады. Т.Қож. * Бәлікім, адамзат тарихындағы бұлғақ кезеңдерде өзіне- өзі қол жұмсап, жұмбақ жағдайда өлетін ұлылардың осылай бар сенімінен жұрдай боп айырылып, жүрегі бос қара қуысқа ғана айналған байғұстар шығар. Қарапайым пенде табаны бүрсіз, дәті әлсіз менен не күттің?! Ж.Шағ.

Posted in

ТАБАНЫ ЖЕР ИІСКЕДІ

Жаяулатты, жер басып жүрді. ~ Абырой болғанда, Байшұбардың табаны жер иіскемей сып етіп қорғаң ішіне бір-ақ түсті ғой. А.Сей. ~ Бей жәннат жайлаудың тынысы – Дараның уысы, Өркешін бұлт шалып, табаны жер иіскеп, түйелер күйсейді сағымды. Бұлғынның көгінде айналып, жүрегім жүр ұшып, Таңбалы тастардан іздейді баяғы жоғалтқан балалық шағымды. С.Рах.