Posted in

СЫРАЛҒЫ ЖАУ

Айла-шарғысы белгілі ежелгі дұшпан. * Менікі үйреніскен ауру ғой, сыралғы жау: бір күні ол жеңеді, бір күні мен жеңем. Бүгін сәл бетім бері қараған түрі бар. Т.Сәу. ~ “Аттан! Аттан! Жау шап- ты!” Жұрт дүрлігісті. Суыт хабарды ақылмен топшылап мән- жайды ой елегінен өткізген елбасылар сыралғы жаудың бұл жолғы қоқайының зымияндығын салғаннан-ақ тап басқан. Ө.Кәр.

Posted in

СЫРАЛҒЫ СҰРАДЫ

Аң аулап, олжалы келе жатқан аңшыдан сұрап алатын сыйлық. ~ Маңғыстау тауы мұнарлы, Өзіңнен медет сұралды. Сырыңды сенің ашуға, Отырмын сұрап сыралғы. Тұнған тарих тау тасы, Кең далам оның сырласы. Ашуға сырын ақтарған, Балаңыз енді жырласын. Н.Қож.

Posted in

СЫРҒА БЕРІК

Ішке ойын, құпиясын сақтай білетін адамның сипаты. * Кофенің кермек дәмі тілімді үйірді. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Д.Аман. * — Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой! — Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой! Қ.Шабд. * Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады. Ж.Ахм. * — Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді. С.Жүн.

Posted in

СЫРҒАҚ ЖАУЫН

Қыс бойы басып жатқан қалың қар тесіліп, жер беті алақаншықтаған, қарақатқақ, шыңылтыр көктемде жерге жаңбыр да емес, қар да емес, ұсақ түйірлі мұздақ жауатын күндері болады. Аспанды бұлт қаптаған соң аздаған желемік тұрады да, мұз түйірлер жерге сырғи түсіп, кедір-бұдырға барып тоқтайды. Қазақ халқы түскен жерінде қалмай сырғып барып тоқтайтын осы мұз түйіршіктерін «сырғақ, сырғақ жауын» деп атаған. Ж.Баб.

Posted in

СЫРҒАҚ ЖҮРІС

Өзін жұрттан бөлек ұстап, көптен шет жүруге тырысты. ~ Мен білмен ұйымыңды, құйыныңды, Әлгі айтқан сырғақ жүріс сұйығыңды. Қорлықтан қолымызға ақау түскен, Сондықтан қазағымның күй мұңлы. БС. "Қожеке". ~ Сырғақтау жүрісіңді дейді сұйық, Пәлелік пікірің бар, ойың тұйық. Ел бұзып домбыраңмен жүрсің білем,Тыңдайтын себебі оны жұрттың ұйып. БС. "Қожеке". ~ Ақ жүрек әріптес аз бір қалыпты. Әркімде ақ жем қақтырар шырға мықты. Тік тұрар төбе шашың, жүрек айнып, Көргенде сырғақ жүріс зырлауықты. Е.Нүс.

Posted in

СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ

Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.

Posted in

СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ

Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.

Posted in

СЫҢАЙЫ ЖАМАН

Кескіні сұсты; түрінен, беталысынан әлдебір жамандықтың нышаны байқалады. * Сүйегін сұлтан қорлай ма, Ойласын батыр бұл істі. Жаудың жаман сыңайы, Тастасын басқа жұмысты. Қамбар б." * Оның үстіне әкесі аспанға қарап: «Биылғы қыстың сыңайы жаман» деп басын шайқап бала көңілін қобалжыта түсетін. Т.Ахт. ~ Сыңайы жаман. Қазақ мамандарын «қой бағып, бас мүжігеннен басқаны білмейсіңдер» деп себепсіз, аяқ астынан ілік тауып, кейіп, жекіп, сөгіс беріп жатты. Д.Дос.

Posted in

СЫҢАЙЫНА ҚАРАҒАНДА

Түрі, істеген ісі, сөздері, беталысы, мінез-құлқына сынай көз салса д.м. * Сыңайына карағанда, оншақты адам сияқты. Өкіреңдей балдырлап, әлдекімдерді сыбап қойып, сораптап отырып қымыз ішті. М.Мағ. * Адам. Бесеу, алтау… Оншақты. Мүмкін одан да көп. Сыңайына қарағанда санын нақтылау қиын, бүтін біреуі жоқ. М.Мағ. * Разъезде тағы да екі-үш үй жұмысшылар отбасы тұратын, бірақ олар сыңайына қарағанда, уақытша тұрғындар болатын. Ш.Айт.

Posted in

СЫҢҒЫР КҮЛКІ

Күмістей сыңғырлаған әсем, ұнамды күлкі. * Сыңғыр күлкіден айрылып сыңсыған мұң пернелерге оратылып қыңсылайды. Ғ.Біл. * Ырысқанның әсем сыңғыр күлкісі де бүгін шаншудай қадалып, соның бәрі әлдебір дарақылық, беймазалық сияқты көріне берген. Қ.Жұм. ~ Ақілгек сыңғырлай күлді. Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. С.Олж. ~ Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. А.Жақс. ~ Тынысы ашылған домбыра қызша сықылықтап сыңғыр күлкіні күміс теңгедей қақпақылдады. Ө.Кәр.