Жан құпиясын жайып салды. * Бітеу жатқан жан жарасын тілімен жалаған мұң самалы сағағынан үзілердей, қалтыраған құба жапырақтарға сыр шерткендей – шешен тілмен көсем сөйлеп, жорғақ басты. Ғ.Біл. * Талай сыр шертісіп, әңгіме-дүкен құрып, қосылып ән салып, аунап-қунаған, масаты дала шаңы бұрқыраған тақыр жердей. С.Жүн. * Аяушылығын ба, әлде басқа сезімін бе, бәрі-бәрін білдіріп тұрған осы күміс сымдай саусақтары. Оның әрқайсысы өзінше сыр шертіп тұрған сияқты. К.Қаз.
Автор: Админ
СЫРАЛҒЫ ДОС
Етене жақын, ежелден бір-бірін білетін, сырлас, сыйлас шынайы дос. * Басқа-басқа, өзінің сыралғы досы десе де боларлық, осы әйел келген кезде де алпамсадай шикі сары, қаны бетіне шығып тұратын қызыл өңді ол өзінің ықтиятты қожайын екенін көрсетіп қалуға тырысады. Ж.Айм. ~ Қарасай ойлай-ойлай келіп, Жәңгірді құтқарыуға сыралғы досы Ағынтай екеуі ғана барыуды ұйғарды. Ойындағысын ың-жыңсыз оңаша орындағысы келді. Б.Нұрж. ~ Бұл ауылда Жырғал деген ескіден сыралғы досы бар еді. Еділдің бойында саят құрып жүріп танысқан. Содан бері қатынастарын үзбей, ылғи түз төсінде аңшылықта жолығатын. Ә.Ыб.
СЫРАЛҒЫ ЖАУ
Айла-шарғысы белгілі ежелгі дұшпан. * Менікі үйреніскен ауру ғой, сыралғы жау: бір күні ол жеңеді, бір күні мен жеңем. Бүгін сәл бетім бері қараған түрі бар. Т.Сәу. ~ “Аттан! Аттан! Жау шап- ты!” Жұрт дүрлігісті. Суыт хабарды ақылмен топшылап мән- жайды ой елегінен өткізген елбасылар сыралғы жаудың бұл жолғы қоқайының зымияндығын салғаннан-ақ тап басқан. Ө.Кәр.
СЫРАЛҒЫ СҰРАДЫ
Аң аулап, олжалы келе жатқан аңшыдан сұрап алатын сыйлық. ~ Маңғыстау тауы мұнарлы, Өзіңнен медет сұралды. Сырыңды сенің ашуға, Отырмын сұрап сыралғы. Тұнған тарих тау тасы, Кең далам оның сырласы. Ашуға сырын ақтарған, Балаңыз енді жырласын. Н.Қож.
СЫРҒА БЕРІК
Ішке ойын, құпиясын сақтай білетін адамның сипаты. * Кофенің кермек дәмі тілімді үйірді. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Д.Аман. * — Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой! — Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой! Қ.Шабд. * Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады. Ж.Ахм. * — Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді. С.Жүн.
СЫРҒАҚ ЖАУЫН
Қыс бойы басып жатқан қалың қар тесіліп, жер беті алақаншықтаған, қарақатқақ, шыңылтыр көктемде жерге жаңбыр да емес, қар да емес, ұсақ түйірлі мұздақ жауатын күндері болады. Аспанды бұлт қаптаған соң аздаған желемік тұрады да, мұз түйірлер жерге сырғи түсіп, кедір-бұдырға барып тоқтайды. Қазақ халқы түскен жерінде қалмай сырғып барып тоқтайтын осы мұз түйіршіктерін «сырғақ, сырғақ жауын» деп атаған. Ж.Баб.
СЫРҒАҚ ЖҮРІС
Өзін жұрттан бөлек ұстап, көптен шет жүруге тырысты. ~ Мен білмен ұйымыңды, құйыныңды, Әлгі айтқан сырғақ жүріс сұйығыңды. Қорлықтан қолымызға ақау түскен, Сондықтан қазағымның күй мұңлы. БС. "Қожеке". ~ Сырғақтау жүрісіңді дейді сұйық, Пәлелік пікірің бар, ойың тұйық. Ел бұзып домбыраңмен жүрсің білем,Тыңдайтын себебі оны жұрттың ұйып. БС. "Қожеке". ~ Ақ жүрек әріптес аз бір қалыпты. Әркімде ақ жем қақтырар шырға мықты. Тік тұрар төбе шашың, жүрек айнып, Көргенде сырғақ жүріс зырлауықты. Е.Нүс.
СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ
Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.
СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ
Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.
СЫР АШТЫ
Көңіліне түйген ойын жеткізді. * – Күнің аз, тауық жемей, жай жүретін, Ұрлықка құмар жансың мұнша неткен? Сыр ашып, сөйлеселік, оңашада, Ешкім жоқ екеумізден басқа шеттен. А.Байт. * Ең ауыры – бірнеше күннен бері осы үйде жатқан Сейіттің баласы Есет туралы сыр ашып қала ма, деп қауіптенген-ді. Р.Рай. * — Түсінем, түсінем, жас сәулетші мырза, ертең менің аудиенцияма келіңіз, сағат он бірде… күтем… сыр ашып сөйлеселік сонда, — деді хай-тек үрдісінің королі өз-өзінен қысылған сыңай танытып. Д.Досж. ~ «Ақылды сыйлайтын адам күшті сыйлайтын адамдардан әрдайым аз болады, алайда ақылды адам да күштіні сыйлайды, — деп, бір оңашада Жалаңтөс сыр ашып күлген-ді. — Сондықтан ақылдылар да күшке бағынады». Б.Нұрж.
