Posted in

СЫНЫН ЖОҒАЛТПАДЫ

Көркін, мәнін, денін сақтап қалды. ~ Шіркін, әйел заты осы Хансұлудай болмай ма екен?! Әлі сол қыз кезіндегі сәнін, сынын жоғалтпаған. С.Ел. ~ Жо-жоқ, мыңдаған жыл сынын жоғалтпаған даналықтың бір мезгілде құнсыздануы мүмкін емес. АҚ "Таразы өмір". ~ Әйткенмен, бет бұрған бағытынан айнымай тарта берді. Бір-біріне деген сыйлы көңілдің сынын жоғалтпауды қалағанынан сөйтті. Т.Әлж.

Posted in

СЫҢАЙ ТАНЫТТЫ

Ойынан, ниетінен хабар берді. ~ Жылқы жоғалтыпты. Бөгенайынан жаңағы өзі сойған қыл құйрық екендігін сезіп, ылпылдап отырмын. Шалым үндемейді, ештеме сезбегендей сыңай танытады. Ы.Дәб. ~ Қыздар бір-біріне қарасты, сенбегендей сыңай танытты. Д.Досж. ~ Әрі айтып, бері айтып, көкем де көндіре алмай қойған. Игілікке аспай дайын жатқан дүние, — деп апайына өкпелеп жүрген сыңайын танытты. С.Ғабб. ~ Болған жайтты шүбәсіз растаған жалғыз Тобиас болды. Жанынан өтіп барып сұрай салған адамның сыңайын танытқан Хакоб қарт үйлеріне кіріп, мән-жайды кемпіріне айтып беруді өтінді. Г.Марк. ~ Ұстанғаныңды айтшы дегендегі кейпі бастар көсемнің білсем-танысам, қажетіме асырсам деген сыңайын танытып еді. К.Жүн. ~ — Түсінем, түсінем, жас сәулетші мырза, ертең менің аудиенцияма келіңіз, сағат он бірде… күтем… сыр ашып сөйлеселік сонда, — деді хай-тек үрдісінің королі өз-өзінен қысылған сыңай танытып. Д.Досж.

Posted in

СЫҢАЙЫ БАЙҚАЛАДЫ (БАЙҚАЛМАЙДЫ)

Бет-жүзінен, қас-қабағынан әлдебір іске бекінгенін тануға болады (болмайды). * Патшаның ойнатпаған бақсысы, емдетпеген емшісі қалмаған екен, ақыры күдер үзген сыңайы байқалады. (ҚЕ) * Хадиша үнінен ашық айтысқа бет алған адамның ыңайы байқалды. Т.Әбд. ~ Әуестік жеңген жігіт тосын затты жұлқылап көріп еді, алынатын сыңайы байқалмайды. Сосын бір қырындап тағы жылжыған. Қолын соза берген оның кенет өне бойы дір ете түсті. Сол-ақ екен, төбе құйқасына дейін шымырлап кетті. Н.Ақ. ~ Қарасаң, қарағың келгендей. Әзірше шашау шығар сыңайы байқалмайды. Себезгілеп өткен сірке жаңбырдың артынан демін ішіне алып тынып қалатын жайлаудың таңғы тыныштығы оның осылайша, айналасына әр кіргізіп, біраз салтанат құруына аялы алақанын тосып, ырық бергендей. С.Үс.

Posted in

СЫҢАЙЫ ЖАМАН

Кескіні сұсты; түрінен, беталысынан әлдебір жамандықтың нышаны байқалады. * Сүйегін сұлтан қорлай ма, Ойласын батыр бұл істі. Жаудың жаман сыңайы, Тастасын басқа жұмысты. Қамбар б." * Оның үстіне әкесі аспанға қарап: «Биылғы қыстың сыңайы жаман» деп басын шайқап бала көңілін қобалжыта түсетін. Т.Ахт. ~ Сыңайы жаман. Қазақ мамандарын «қой бағып, бас мүжігеннен басқаны білмейсіңдер» деп себепсіз, аяқ астынан ілік тауып, кейіп, жекіп, сөгіс беріп жатты. Д.Дос.

Posted in

СЫҢАЙЫН ТАНЫДЫ (АҢҒАРДЫ, АҢДАДЫ))

Түпкі ойын, ниетін оқып қойды; көңіл-күйін сезді. * Түнек түндей түнеріп, қара күйе жаққандай қарайып, сыр бермей сазарып отырып қалған кемпір мен шалдың сыңайын таныған қу келін оларды немересімен алдарқатты… Ғ.Біл. ~ Ахмет «қайтсем екен?» дегендей, сәл-кем үнсіз тұнжырап отырды да, қызды көз қиығымен білінер- білінбес сынай қарап өтті. Бекемделген сыңайын аңғарып, басын изеді. Б.Ыб. ~ Жоқ кінәні мойындап, жорта қайтып райдан,Ағалардың ақылын алғаны жөн бір ойдан.Түс сыңайын аңдаса, қайыры бар қазаның, Атасынан қалғандай арпалысқан бұл ойран!Н. Айт.

Posted in

СЫҢАЙЫНА ҚАРАҒАНДА

Түрі, істеген ісі, сөздері, беталысы, мінез-құлқына сынай көз салса д.м. * Сыңайына карағанда, оншақты адам сияқты. Өкіреңдей балдырлап, әлдекімдерді сыбап қойып, сораптап отырып қымыз ішті. М.Мағ. * Адам. Бесеу, алтау… Оншақты. Мүмкін одан да көп. Сыңайына қарағанда санын нақтылау қиын, бүтін біреуі жоқ. М.Мағ. * Разъезде тағы да екі-үш үй жұмысшылар отбасы тұратын, бірақ олар сыңайына қарағанда, уақытша тұрғындар болатын. Ш.Айт.

Posted in

СЫҢАР ЕЗУ

Айтқанынан қайтпайтын қыңыр адам туралы.* Жин Шурын сонда да айбатты сесінен айырылғысы келмей: – Сізді ел асқан қиқар, алған бетінен қайтпайтын тоңмойын, сыңар езу деп жамандағанда сенбеуші едім. Ж.Шәк. * «Ортақ өгізден, оңаша бұзауым артық» дейтін сыңар езулер табылады. Ө.Кәр. ~ Аллаға шек келтірген бұл бір пенде, Мінезді сыңар езу көнбес жөнге. Жарымес жалғаныншыны көріпкел деп, Алланың құлы болсаң мүлде сенбе. С.Бая.

Posted in

СЫҢАР ЖАҚ

Ой-пікірдің шикілігі, тайыздығы, бірыңғайлығы туралы. ~ Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сыңар жақ қылғаннан басқа. Ж.Айм. ~ Ендеше, сізбен қалай араздасқанын мен өз әкемнен ғана біліп қойсам, мына Әділбек пен Асылбек ағам сізден ғана ұғынып қойса не болады? Анық шынға жете алмай, сыңар жақ кетеміз ғой. Бірден, адасамыз. М.Әу. ~ Сол ретпен «Жұмбақ жан» атты қызық зерттеу кітабы өмірге келді. «Жұмбақ жанды» Абай туралы зерттеу ғана десек, сыңаржақ түсінген боламыз. Абай шығармаларынан Тәкен ең алдымен өзінің көңіл күйін, жан дүниесінің сәйкестігін іздеген. С.Шай. ~ Идеологиялық бір сарындылық, сыңар жақтылық, сөз жоқ, қандай өнер адамы болмасын, тұйыққа тірейді. Б.Тоғ.

Posted in

СЫҢАР СҮЙЕМ

Байырғы қазақ өлшемі. * Бұл күбірі өз-өзіне берген сертіндей – боз қасқаның қанымен ант-тасқыннан сыңар сүйем кем шыққан жоқ. О.Бөк.

Posted in

СЫҢҒЫР КҮЛКІ

Күмістей сыңғырлаған әсем, ұнамды күлкі. * Сыңғыр күлкіден айрылып сыңсыған мұң пернелерге оратылып қыңсылайды. Ғ.Біл. * Ырысқанның әсем сыңғыр күлкісі де бүгін шаншудай қадалып, соның бәрі әлдебір дарақылық, беймазалық сияқты көріне берген. Қ.Жұм. ~ Ақілгек сыңғырлай күлді. Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. С.Олж. ~ Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. А.Жақс. ~ Тынысы ашылған домбыра қызша сықылықтап сыңғыр күлкіні күміс теңгедей қақпақылдады. Ө.Кәр.