Ой-пікірдің шикілігі, тайыздығы, бірыңғайлығы туралы. ~ Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сыңар жақ қылғаннан басқа. Ж.Айм. ~ Ендеше, сізбен қалай араздасқанын мен өз әкемнен ғана біліп қойсам, мына Әділбек пен Асылбек ағам сізден ғана ұғынып қойса не болады? Анық шынға жете алмай, сыңар жақ кетеміз ғой. Бірден, адасамыз. М.Әу. ~ Сол ретпен «Жұмбақ жан» атты қызық зерттеу кітабы өмірге келді. «Жұмбақ жанды» Абай туралы зерттеу ғана десек, сыңаржақ түсінген боламыз. Абай шығармаларынан Тәкен ең алдымен өзінің көңіл күйін, жан дүниесінің сәйкестігін іздеген. С.Шай. ~ Идеологиялық бір сарындылық, сыңар жақтылық, сөз жоқ, қандай өнер адамы болмасын, тұйыққа тірейді. Б.Тоғ.
Автор: Админ
СЫҢАР СҮЙЕМ
Байырғы қазақ өлшемі. * Бұл күбірі өз-өзіне берген сертіндей – боз қасқаның қанымен ант-тасқыннан сыңар сүйем кем шыққан жоқ. О.Бөк.
СЫҢҒЫР КҮЛКІ
Күмістей сыңғырлаған әсем, ұнамды күлкі. * Сыңғыр күлкіден айрылып сыңсыған мұң пернелерге оратылып қыңсылайды. Ғ.Біл. * Ырысқанның әсем сыңғыр күлкісі де бүгін шаншудай қадалып, соның бәрі әлдебір дарақылық, беймазалық сияқты көріне берген. Қ.Жұм. ~ Ақілгек сыңғырлай күлді. Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. С.Олж. ~ Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. А.Жақс. ~ Тынысы ашылған домбыра қызша сықылықтап сыңғыр күлкіні күміс теңгедей қақпақылдады. Ө.Кәр.
СЫҢҒЫР ҚАҚТЫ
Сылдырлап, күмбірлеп шыққан үн, дыбыс хақында. * Түйе мойындарындағы жез қоңыраулар жүріске бір ырғақ тербеліп сыңғыр қағады. С.Елу. * Жеңгесі де: «қалауыңды айт» деп қоймағасын Түгел де тартынбай, қос бұрымының ұшында сыңғыр қағып жүрген қоңыраулы күміс шашбауға жиенқұрық салған. Ү.Жәл. * …аппақ жұмыр білекке жараса кеткен қос күміс білезікті сыңғыр қақтырып, сары қымызды да аса бір жарасымдықпен баптай сапырып, өзі құйған. К.Сег.
СЫНАДАЙ ҚАДАЛДЫ
Жабысып алып, айрылмады. ~ Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшағын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Қ.Ысқ. ~ Қайдан есіне түскенін білмейді, Қоспан ұмытып кеткен Қасболаттың сонау сөзі енді келіп екеуінің арасына сынадай қадалып тұрып алды. Т.Ахт.
СЫНАДАЙ ҚЫСТЫРЫЛДЫ
Әлдебір іске орынсыз килікті, кірісті. ~ Жанұзақ оның сөзін елең құрлы да көрген жоқ. Жұмаш пен Баймырзаның арасында сынадай қыстырылып, отырып алды. Қ.Жұм. ~ Дегенмен қара мұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Ғ.Мүс. ~ Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ — қарқ күледі. Н.Сер.
СЫНАЛАП КІРДІ
Қыстырылып, жігін тауып енді. * Ақандар да қақпаға ұмтылды. Мойындарын созып, көп адамдардың арасынан сыналап кіре алмай әлек. С.Жүн. * Шәуәли жапа-тармағай үймелеген жұрттың қай жерінен сыналап кірерін білмей ана машинаға бір, мына машинаға бір жүгірген алақтап. Т.Сәу. * Кең майданды түгел жапырмай, жігін тауып сыналап кіріп, қақыратып жарып өтуге құштар неміс командованиесіне қарсы бұл бір жақсы тәсіл еді. Т.Ахт. * Содан бері санасына сыздықтап, сыналап кіріп, үңгіп, үңірейтіп тастаған. С.Сағ. * Ән Абылайдың тұла бойына сыналап сіңіп барады. Қ.Түм. * Сыныққа сылтау таппай киліксең, көзіңе шұқитындар жаттан да, жақыннан да табылары анық. Сылтау болса, сыналап кіріп, сұғынып ену оңайдың оңайы. С.См. * Бүгін мен де Садыкемнің қойнықонышы толы сын- сықағына сыналап кірмей- ақ, … сатирасының бір де болса бірегей сипатын аңғартатын бірер сөз айтсам деп едім… З.Қаб.
СЫНАПТАЙ БҰЗЫЛДЫ
Оқыс өзгерді, айнып қалды, қылт етті. ~ Қазір… бұл екі міндеттің қайсысының үдесінен шыққанын сараптау қиын. Мүмкін, Әлнұр Мұсаевтың сынаптай бұзылып, «Рахатты» сатып жіберуін, Австрия билігінің алдында кішкене болсын, Әлиев сүйкімділігінің кете бастауын — Сүлейменовтың көрінбейтін тірлігіне санауға болар. "Абай-информ". ~ Соңынан қарап тұрған Мұса бір сәт Балтабекпен жүрген жастық шағын еске алды. Ол бір дүние сынаптай бұзылып, теңіздей толқып тұрған кез еді. А.Алт.
СЫНАПТАЙ СУСЫДЫ
Қолда тұрмады, уысынан шыға берді. * Әмірі екі болмай, табанда орындалатынына дағдыланған командир шынында да қатты ашуланды. Өзге жұрт болса бірден орындар еді, ал мынау сынаптай сусып, уысында тұрмай, әбден зықысын шығарды. Т.Ахт. * Шоқыға шыққан жігіттер ентіге күлісіп, қалжың айтысты. – Немене, уысыңнан шығарып алдың ба?! – Сынаптай сусып, уыста тұрушы ма еді!? Т.Ахт. ~ Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай, Ұстатпай жүр уақыт сусып сынаптай. Құлар жерде саған деген бір сезім Сүйеп келді мені жерге құлатпай… Қ.Бұғ.
СЫНАПТАЙ ТОЛҚЫДЫ
Неше түрлі түрге түсіп, өзгерді, бұлғақ қақты. ~ Сынаптай толқып, Түлкідей жортып, Кетеді көңіл әр жаққа. Қырандай қағып, Алмастай ағып, Мұратын түгел алмаққа. Ер талабы бос қалмас, Толқынды көңіл тоқталмас. Шәк. * 16-жылдың оқиғасы ойламаған жерден кездескендей болды. Ауыл өмірі сынаптай толқыды. Әлдеқайда, әлдекімдерді хан көтеріп, патша әміріне қарсы шапқандардың даңқы жер сілкіндірді. Б.Майл. * Шәукен: «Шамасы қорғасын кенінің жылқысы-ау?» – деп топшылады. Таң толықсып атты. Дүние сынаптай толқиды. Жыл тәулігінің көркі көктем таңы Шәукенді нұрға шомылдырды. Т.Әл. * … жас Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ суын ішкен алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір көйлектің тарлау тігілісі балғын дененің әр мүшесін айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен жыртылардай болады. О.Бөк. * Тастың жүрегі тайдай тулап, кеудесін тепкілей бастады. Өңі ме, түсі ме? Бұл неғылған қыз? атыраудың астынан шыққан су иесі Сүлейменнің сұлуы сияқты, байыппен басып, сынаптай толқып маңып барады. О.Бөк.
