Неше түрлі түрге түсіп, өзгерді, бұлғақ қақты. ~ Сынаптай толқып, Түлкідей жортып, Кетеді көңіл әр жаққа. Қырандай қағып, Алмастай ағып, Мұратын түгел алмаққа. Ер талабы бос қалмас, Толқынды көңіл тоқталмас. Шәк. * 16-жылдың оқиғасы ойламаған жерден кездескендей болды. Ауыл өмірі сынаптай толқыды. Әлдеқайда, әлдекімдерді хан көтеріп, патша әміріне қарсы шапқандардың даңқы жер сілкіндірді. Б.Майл. * Шәукен: «Шамасы қорғасын кенінің жылқысы-ау?» – деп топшылады. Таң толықсып атты. Дүние сынаптай толқиды. Жыл тәулігінің көркі көктем таңы Шәукенді нұрға шомылдырды. Т.Әл. * … жас Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ суын ішкен алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір көйлектің тарлау тігілісі балғын дененің әр мүшесін айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен жыртылардай болады. О.Бөк. * Тастың жүрегі тайдай тулап, кеудесін тепкілей бастады. Өңі ме, түсі ме? Бұл неғылған қыз? атыраудың астынан шыққан су иесі Сүлейменнің сұлуы сияқты, байыппен басып, сынаптай толқып маңып барады. О.Бөк.
Автор: Админ
СЫНАСЫН ТАПТЫ
Қиюын келтірді; ретін тапты. ~ Келіншек сынасын тауып, ақ патшаны түйреп өтті де, оның оң қолы губернаторды қатты шымшыды. М.Дүз.
СЫНДЫРҒАН НАНДАЙ (СЫПАЙЫ, БИЯЗЫ)
Көргенді, сыпайы, бипаз. ~ Неге екенін қайдам, әлгі профессор көз алдымда тұрады да қояды. Артық сөзі жоқ, сындырған нандай сыпайы жан. Көзқарасында әйел затына ұнайтын бір сипаттар жалт беріп тұрған. Р.Рай. ер. ~ — Иә, көрдім. — деді Шайым жымыңдап, — сындырған нандай биязы бала. Ажары да ешкімнен кем емес. Майысып шай құйып қызмет қылғанын айтсай шіркіннің? Н.С~ – Қыз маған ұнайды. Шіркін-ай, сындырған нандай боп өскен екен. Кейде түн бойы аңдып жатамын. Тырп етпейді-ау, тырп етпейді. Р.Рай. ~ Мінезін айтсайшы, баяғы дәлдуінің бірі жоқ. Сындырған нандай. Ұшырасқан сайын «апалап» ызылып тұрғаны. Н.Сер.
СЫННАН ӨТКЕН
Талай қиындықты бастан өткізіп, шыныққан, сыналған. ~ Атажан бай елінде болатын үлкен той, ат бәйгеге қос тұлпарын қосу үшін атбегілігі сыннан өткен қарт қазаққа баптауды бұйырған екен. А.Кем. ~ «Иә, иә, — дейді ол, — бұдан басқа жол жоқ. Менің қолымнан осылай істеу ғана келеді. Бұл — әбден сыннан өткен әдіс. Көрейін содан кейін қолжазбаны қайтып бермегенін». І.Ес.
СЫНЫ КЕТТІ
Бұрынғы сәні сақталмаған, сиқы бұзылған д.м. * Қарашұға шалбары да (ескінің жұрнағы ғой), қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. Ж.Айм. ~ Ана тілім ғажап деп айта аламын, Жәннаттай жан балқыта жай табарым. Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім — Келеді толас таппай қайталағым. Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып, Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып… Қазағы қадырына жеткен сайын Жайнайды, Ертеңге де нұрын шашып. М.Әлімб. ~ Өзің еккен алма ағаш мұңаяды, Өмір ай, Олар дағы қартайыпты. Жапырақты тыңдадым сыбыр еткен. Өзіңсіз бұл өмірдің сыны кеткен. Көрдім де көз жасымды тия алмадым, Сол баудағы ізіңді жүріп өткен. А.Пош.
СЫНЫҚ БҰРАУ АЛМАДЫ
Бірдеңе алмақ түгіл, қолын да тигізген жоқ д.м. ~ Марқұм енесінің аманатын келіндері қаперіне алмады Өз қалауымен жат жұртқа ұзатыларда сынық бұрау да алмады.Төл атымен түйешіге ілесіп кете барған. Ө.Кәр. ~ Арлы әйел жарамды сыртқа білдірмесем дегенмен, маңдай терімен толған бір үйлік жасаудан сынық бұрауда ала алмай қорланды. Ғ. Қан.
СЫНЫҚ БҰРАУ ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚАЛМАДЫ, ТАСТАМАДЫ)
Түк қалдырмады, түгел алып кетті. ~ Таңертең үйіне оралса, ұрылар керек-жарағын алып кеткен болып шығады. Көп өтпей әлгі адал адам тақыр кедейге айнала бастайды. Ұрылар оның үйінде сынық бұрау қалдырмай тонап кетеді. И.Калвино. ~ Атан түйелерге бастыра жүк артып, қыл арқанның бір ұшын белдеріне шалып алған жігіттер, бір-біріне «алдысың ба, артысың ба?» деп алып, шірене тартқанда, қимылдарына көз ілеспейді. Ал әйелдер жағы сабақты жібін, сынық бұрауын жұртқа тастамайды. Қ.Жұм. Жігіттердің жүздері жайраң, көңілдері мейрам. Әрқайсысы емен-жарқын тіл қатып, күш-көліктің жеткілікті болғанын, көшкен жұртта сынық бұрау да қалмай, тегіс жолға түскенін баян етті. Қ.Жұм.
СЫНЫҚ ЖЕТІМ
Мұңды, шерлі, бишара. ~ Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Ә.Асқ.
СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)
Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.
СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ
Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".
