Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".
Автор: Админ
СЫНЫҚ ИНЕ ҚАЛДЫРМАДЫ
Түк қалдырмады. ~ Дүниесін бере берсін Хұршым танып, Бастырып екі арбаға тиеп салып. Сол үйден (ыстық) сынық ине, түк қалдырмай: Келіндер! — дейді — түгел жинап алып! М.Ж.Көп.
СЫНЫҚ ИНЕ, СЫДЫРЫМ ТАСПА (АЛМАДЫ)
Болмашы нәрсе (алмады). ~ Екеуі және жүрді зыр жүгіріп, Кез болды бір өзенге талай жүріп. Жарлы бала өзеннен балық алды, Таспаны бау, инені қармақ қылып. От жақты, балық пісті, тойып алды. Байбатша қуанғаннан әнге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа» деген, Мирас боп кейінгіге сонан қалды. Шәк. ~ Бас қалқа — хан Абылай қой-қойлады, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа алман» деп, Түйесін өрістегі жия барды. Ағадан осылайша көңілі қалды, Түйенің үйге барар қомын салды. Жеті күн, жеті түнде үрдіс көшіп, Бойына Ащысудың жетіп барды. БС. "Қисса Ер Қабанбай".
СЫЛАСЫН ТАПТЫ
Амалын, шешімін, жөнін тапты. * Құрт жеген жапырақтар шұрқ-шұрқ тесік. Шаңы да сүртілмепті. Бұл пәледен бір сыласын тауып тезірек құтылғысы кеп, шоферді іздеп еді. Ә.Нұрп. * … бірақ ауылда оқыған бала Виссарионға неше "с" жазу керек екенін білмепті, қасындағы балалардан сұрауға арланыпты. Киоскаға барып газет сатып алып, өзін қинаған "с" әрпінің сыласын тауыпты. Ә.Нұрп. * Оған енді жез қоңыраудай шүлдірлеген тікбақай келіншектің зәбірі батты. Бір сыласын тапса өзі де бұл үйден кетпекші. Бірақ… қайда барады? Кімнің босағасын сағалайды? Ә.Нұрп. * Бір сыласын тапқанша, кемді күн қамыс арасына тығыла тұрғаның мақұл болар, – деп Еламан шамына тимей ақырын ғана ескертті. Ә.Нұрп.
СЫЛДЫР ЕТТІ
Сыбдырлаған, сыңғырлаған дыбыс шықты. ~ — Өртенсін кәпір, жойылсын көзі! Түп-тұғиянымен жойылсын! Кетсін бәлекет! Алды-арты осы болсын! Жатқанынан тұрмасын. Тіпә-тіпә!- деп, азан-қазан болып, түкірісті. Қағаздары сылдыр етіп, қалың кітап от ішіне жоқ болды. От лаулады. Жұрт дулады. — Кет, бәлекет, кет! Бізді сен көрдім деме? Сені біз көрдік демелік. Шу қара құйрық! Кеткеніңнен келме! — деп тағы шуласты кеп. Кінегені «құтты жеріне қондырды», көңіл тынды. Ж.Айм. ~ Гармонь мен скрипка нақышындай, Дауысы сыбызғыдай сылдыр етіп, Тыста еркек, үйде ұрғашы өлеңге мәз, Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп. М.Ж.Көп.
СЫЛДЫР КӨМЕЙ, ЖЕЗ ТАҢДАЙ
Сөзге шешен, ділмар. ~ — Тұмсығы шақпақтай, құлағы жарғақтай, ерні қаймақтай екен өзінің. Бұл сылдыр көмей, жез таңдай, сиыр жорға, қу таяқ деген жігіт. Лақты, ешкілік дауды атқа сатып алып, өмірі өзіне де, өзгеге де тыныштық бермей өтетін, елді ұйытушы емес, ірітуші адам болады, — деп баға береді. ҚАӘ. ("Дүйсенбі") ~ — Тұмсығы шақпақтай, құлағы жарғақтай, ерні қаймақтай екен өзінің. Бұл сылдыр көмей, жез таңдай, сиыр жорға, қу таяқ деген жігіт. Лақты, ешкілік дауды атқа сатып алып, өмірі өзіне де, өзгеге де тыныштық бермей өтетін, елді ұйытушы емес, ірітуші адам болады, — деп баға береді. Әл.Ысқ. ~ Тұсау кескен адамдардың ішінде желаяқ жүйріктер де, майталман шешен шежірешілер де, алып күштің иесі батыр-палуандар да, елді аузына қаратқан сылдыр көмей, жез таңдай, ақын-әнші, даңғайыр күйшілер де, ерекше қасиетті әулие адамдар да, аузында иманы, қолында Құраны бар молда-қожалар да болған. Г.Ях.
СЫЛДЫР ҚАҚТЫ
Сылдарлап аққан бұлақ суы туралы. ~ Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ, Таспадай бейне арықтаншыққан құлап. Түсе сала Ескендір басты қойды, Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ. Абай. ~ Алдымен таныс тамшымыз өзенге жүгіріп келіп, періп кетеді. Ормандар, қалалар, таулар артта қалады, сылдыр қағып, тамшылар әлі тынбай жүгіріп барады. А.Байт. ~Жапырақ сәуле сүйіп дірілдеген, Жел шіркін жаны күйіп күбірлеген. Жерде су сылдыр қағып сүйінгендей, Кей кезде күйік кернеп күрілдеген. М.Жұм. Сыңғырлаған нәзік, құлаққа жайлы дыбыс шығарды (күміс шолпы, қоңырау үні т.с.с.). ~ Білектей арқасындаөрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? ~ Құрымтай, сен неге жылайсың? – Жасым он беске келді. Жуырда Сейітбайға қатын болам деп жылаймын… – Болмайсың… ұзын қара шашына тағылған теңге шолпысы сылдыр қағып, өкшесін соғады. Еркелі, қысық қара көзі жұлдыз боп жылтылдайды. Ж.Айм. ~ Оның есіне қыздың ботаның көзіндей қара кезі, ұзын кірпігі, белуарына түскен қара, қолаң шашы, әсіресе кең ақ маңдайдан түзу түскен қырлы мұрны Абайдың: «Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын…» — деген өлеңін еске түсіреді. Б.Бұл. ~ Дыбыс білдірмес үшін сылдыр қаққан шолпысын қалтасына салды да: — Тезірек жүріңіз! — деді. Ә.Әб. 3. Ойнап-күлді, еркелеп, назданды. ~ Оның қалаға келген бетінде көріп отырғаны, міне, осы. Бірінші қызығы да осы. Жас еді, өсті. Сылдыр қақты, еркеледі… Шәлі жамылды, жылады. М.Дәул.
СЫЛДЫР СӨЗ
Мағынасыз, дәйексіз, пәтуасыз, судай аққан бос сөз. ~ Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы — сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. М.Мағ. ~ Қылжақбас ананы бір, мынаны бір сөз етіп, жұрттан бұрын өзі күліп, әбден мезі қылады. Сөзінде — іліп аларлық түйір жоқ, сылдыр сөз. З.Шаш. ~ Сене тұра уәжден жеңілмес үшін: – Ақсақал, туған әкеге тіл тигізуге болмайды. Бірақ жаңа айтқаныңыз құр сылдыр сөздің тізбегі ғой! – деген. – Сен олайша кемітпе, – деді Әріп. Т.Әл. ~ Мұндай «жарапазанды» ести– ести құлақ әбден жауыр болған. Жаттанды, ішінде іліп алары жоқ, сылдыр сөз. Міне, сеніңіз, сенбеңіз мен ол удан құтылудың төте жолын тапқан секілдімін… Қ.Жиен. ~ Қияли қызыл әңгіме, сылдыр сөз… Суретші қауымы бүгінде соның бәріне көнген, көнтері болған. Ә.Асқ.
СЫЛДЫР СУ
Ағзаға пайдасы аз, дәмі, нәрі жоқ сұйық тамақ. ~ Бүгін асхананың түстігін әдейі ішпедім. Сондай тәттілер тосып тұрғанда, асқазанды сылдыр сумен толтырып не бар. Қ.Жиен. ~ Тағы да сылдыр су сорпа мен екі тілім нан берді. Сылдыр су құюлы қалайы тостақ үстіндегі қара нанға қол созды. Қ.Түм.
СЫЛҚИЯ ТОЙДЫ
Әбден тойды, кекіре тойды. ~ Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды. М.Әу. ~ Жұман аздан соң күлкіні ұмытып кеткен екен, етке сылқия тойып алды. М. Әу. ~ Ендігі жағдай басқа. Жасырынбай, ашық ішуге, дәмін ғана татып көрмей, сылқия тойып ішуге болады. Тізгін қолда, өзімізге өзіміз қожамыз. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Б.Соқ.
