Сазайын берді, орнына қойды, сабасына түсірді. ~ Демнің арасында жансақтаудың жолын жақсы біліп алған жағымпаздар Әулиеатаны Мирзоян атандыра салды. Мұны қане, даңғой, алакөкектік, дарақылық демей не дерсің, әйтпесе нені сонша сұқпатына келтіріп жіберіпті? Б.Қыд. ~ Көп дұшпанын өлтіріп, Батырдың кеулі тынады. Бір жерлерге келгенде, Мыстан кемпір шешесі Көлденеңдеп тұрады. Ұстап алды кемпірді Сұқпатына келтірді. Мұрнын кесіп мұнтитып, Құлағын кесіп құнтитты. "Алпамыс б."
Автор: Админ
СҰҚСЫРДАЙ СҮМЕҢДЕДІ (СУМАҢДАДЫ, СҮМПЕҢДЕДІ)
Жылмаңдап, жылп-жылп етіп, сұғанақтана қозғалды, әрекет етті. ~ Сылдыр еткен шөп, шәу еткен ит болмастан жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп сұр атқа таман келе берді. Кермеде елегізіп тұрған ақсұр ат суық қолдың келгенін сезіп, айтуға тіл жоқ, айбар қылғандай керме астында бұлаңдап тықыршып тура алмады. І.Жан. ~ "Тоқал" деген сөзінің астарынан, тырыса қалған қабағынан шалдың ит ерткен қонақты жақтырмағанын сезді. Жақтырсын жақтырмасын, танауы көк сүзген тырылдақ қайық сұқсырдай сумаңдап займкеге тура шапқан. Қ.Ысқ. ~ Дүниені кезіп архив ақтарып, сары қағаздарға үңілдім, Сұқсырдай мынау сүмпиген сұрқыңнан сенің түңілдім. Сорақы болды-ау бүгінгің, Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім. Т.Айб.
СҰҚСЫРДАЙ СЫЛАНДЫ
Әдеміленіп, бойын түзіп, қылымсыды. ~ Нәзипа төрт қатынның бірі ғой. Оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған қыз болып әкесінің оң жағынан ұзатылғаны кеше ғана. І.Жанс.
СҰҚТЫ КӨЗ
Ұнатпай, жек көре, тіміскілей, сұқтана қараған адамның көзқарасы туралы. ~ «Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ емес пе, той иелерінің бірі сұқты көзін қадап, сүйектен өтер сөзін безеп кетеді- ау деп қылпылдап тұр. М.Сүн. ~ Жас әйел еркектің сұқты көзін сезінді, бірақ қымсынған жоқ. Қ.Жұм. ~ — Менің күнім сен кеткенде не болатынын ойламадың ба? Жолдыбайдың жиектері қанталаған сұқты көздері қулана жылтың — жылтың етіп: — Не болушы еді? — деді. Т.Рыс. * Ал тырмыса-тырмыса биікке шыққан адамның өзі құлағаны-өлгені… Оны өзгенің сұқты көзі одан гөрі де жоғарырақ өрмелете түспекші. Ә.Кек. * Айнала сұқты көз еді, Қан жоса кебін бөз еді. Манашы, Күйкен-Ноғайлы Өз алдына-ай сөз еді. Күледі әне шұнақ таң, Құлағын күйдің бұратқан. С.Адай.
СҰЛҚЫН БАСТЫ
Аптығын, емеурінін басты. ~ Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел, Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын. Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда, Ерлердің иеленуге көшкен жұртын. Т. Ізт. ~ Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Дж.Лонд. ~ Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де шыдамайсың. Түсіндің бе? — Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Дж.Лонд.
СҰЛУДЫ ЖАЙЛАП, ЖҮЙРІКТІ БАЙЛАДЫ
Өмірдің қызығына батты, серілікке салынды. ~ Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Абай.
СҮРІНГЕНДЕ СҮЙЕУ (БОЛДЫ)
Қате басқан кездерде қолдау көрсетті. * Бұдан жастау кезімде мән бермеуші едім, енді-енді аңғарсам, қысылғанда қол ұшын беретін, сүрінгенде сүйеу болатын аға да керек екен. Б.Тоғ.
СҮРІНДІРІП ЖЫҚТЫ
Әбден шаршатты. * … бес-алты жылқы, елу шақты қойдың қысқы азығын дайындаудың өзі-ақ ерлі-зайыптыларды сүріндіріп жығатын. О.Бөк.
СҮРЛЕУ ІЗ
Біреудің жүріп өткен жолы, артында қалдырған ізі. * Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен алаяқ атты алқына басып іздегем. Ж.Жақ. * Әйтеуір, мөлдір жанарлы бейкүнә қыздың басқа бір бағытқа жетелегені анық. Ол бағыт не? Арайлап атар махаббат таңымен жолықтыратын ақ сүрлеу ізі ме, жоқ, әйтпесе, талай бозбаланың бойын алдырып, "қап, әттеген-ай" деп, бармағын тістеткен баянсыз басылуы ма?.. К.Қаз. * Талай жандар шыдамай, Сергелдең боп сенделер. Тұрса тосып жүз қауіп, Өтем сүрлеу із тауып, Кім біздерге тең келер?! Н.Әбіл. * Сүрлеу із қалдырып далаға Пенделік арыммен арбасар, Мен емес, менікі қалаған Нәпсімен нәлетім қарғасар. Ж.Аман.
СҮРЛЕУ ІЗДЕДІ
Өзге жол табуға тырысты. * Осынау қым-қуат сабылған тіршілік көшінен өзгешелеу сүрлеу іздеуге мұршасы жете ме, сірә? Д.Досж. * Бұл тұста шыдай алмай Қарымсақ сөзге кірісіп: — Мына татар жігіттерінің арызы-ақ бәріне дәлел болмай ма? Даңғыл жол жатса сүрлеу іздеп сәуегейлену не керек? Ж.Ахм.
