Posted in

СҮТТЕЙ ҰЙЫП, СУДАЙ ТҰНЫП

~ Мұны мен де әбден біліп болғамын. Оның үстіне ұзақ жылдан бері біріне –бірі сүттей ұйып, судай тұнып алған үлкендерді батасынан қайтару мүмкін емес екендігі де айқын. Ж.Сәм.

Posted in

СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА

Еш күнәсі жоқ, періштедей таза. * Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу малды есепсіз шашты, ағайындарына берді деген жаламен жауапқа тартылып Қызылордада көп алдына шыққан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген. Р.Нұрғ. * Ата-анасын да аямай, бетін тіліп, шындықты айтатын ақ жүрек қыз көрініп еді Рабиға. Әттең, серпіндеген сайын арзандап барады — ылғи да басқа кінәлі да, өз басы сүттен ақ, судан таза. М.Қаб.

Posted in

СҰҒАНАҚ КӨЗ

Тімісікіленіп, сұқтанып қарайтын адам туралы. * Көп ішінен тінткілей қарайтын сұғанақ көз ондайда қапысын жіберер ме! Әбден тіміскіледі-ау! С.См. * … сонау ақ шайы көйлектің астындағы көгершін төске не бір сұғанақ көздер болмаса, қапелімде қалған жұрт байқай бермейтін болар-болмас діріл жүгіріп … қуана, сүйсіне тыңдайтын тек әлі беттеріне шаң, еттеріне дақ тимеген уыз көңіл бойжеткендер ғана. Ә.Кек. * Бір жағынан қожалығы да бар Тәшім молла … сәбидің насыбайына сұғанақ көзімен еміне қарай қалған. С.Жүн. ~ Қыстан қалған қоқым- соқымды, әлдекімдердің дөрекі күлкісін, сұғанақ көзін, бояуы қашқан мүсіндерді, ескірген газет витриналарын көрмеді, естімеді. Х.Әбді.

Posted in

СҰҒЫ ҚАЙТТЫ

Көзінің зәрі қайтты. * Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Сұғы қайтсын, адам түгілі үйге кірген жыланға да ақ тамызып шығаратын халықпыз, – деп күбірлесті әлдекімдер. Ж.Шәк.

Posted in

СҰҒЫН ҚАДАДЫ

Ашкөзденіп, телміре қарады; сұқтанды. ~ Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. С.Ел. * Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», – деді. Ә.Нұрп. ~ Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті. ҚЕ. * Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Ж.Аязб. ~ Бірақ, бұ жолы іштей таңырқағаны бала күннен бірге өскен Ждақайдың, Хансұлуға еркексіп қарау миына да кіріп — шықпаған неменің енді кеп табан астынан сұғын қадай қалғаны еді… С.Ел. ~ Ашқан балы қате кетіп көрмеген, қырық бір құмалақтың тілін білетін, діні де жат хотын малшының әйелі Еркезаяның аузынан шыққан сөзге бұлар қашан да имандай сеніп, айтқанына көнетін, көнбесе киесі, қасиеті атар, қарғысы тиіп, сұғы қадалар деп қорқатын. Ш.Рах.

Posted in

СҰЙЫҚ ЖҮРІС

Нәпсіқұмарлық, ойнастық, жеңіл жүріс. * Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Қор болмасын сол сәби… Ғ.Слан. * «Бетховен сазы жалаңаш сезімді оятады, жастардың сұйық жүріске түсуіне сеп, Шекспир пьесаларының желісі желбуаз өтірікке құрылған, таңдай қағып тамсанатын түгі жоқ, ортақол ғана жазғыш». Мәс — саған! Д.Досж. * Бексұлтан бастық болғалы Назеркенің сұйық жүрісі тым жиілеп кетті. С.Дос. * Нәресте шала туып, шетінеді. Содан кейін мұның сұйық жүрісінен секем алған әйелдер сырт айналды. Есесіне еркектер айналшықтайтын болды. Талай құрсақ көтерді. Ү.Жәл. ~ Анау жазығы жоқ сәбиді көзіңнен таса қыла көрме! Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Ғ.Слан. ~ Көрінбей өз жайына жүріп кетті, ондай сұйық жүріске өзі де епті. Жігіт болсаң, әнеки, осындай бол, Түн болған соң Бануды алып кетті. БС (89 Т.)

Posted in

СҰҚ КӨЗГЕ ШАЛЫҚТЫ (ІЛІНДІ)

Көзі өтті; көз тиді; дұшпан көзіне ілікті. ~ Бүгін барлап бақылаушылар көбірек шығуы мүмкін. Ол үкімге қарсы пиғылдарды іздер. Ал, сен ондай сұқ көзге шалықпаған жағдайда да бұл, нахақ өлтіру ғой, идеяңа дақ түсуі мүмкін. Қ.Шабд. ~ Өзгелердің сұқ көзі, өсек сөзі тимесе екен дейсің. Шын жүрегіңмен осынау достықтың жібі үзілмегенін қалайсың. Ә.Ысқ. ~ Бірінші әйел: — Иә, кештетіп жүріп сұқ көздерге ілініп қалармыз. Қайтайық. Кетеді. Құдық басында Көкетай мен жеңгесі. О.Көш..

Posted in

СҰҚСЫРДАЙ СЫЛАНДЫ

Әдеміленіп, бойын түзіп, қылымсыды. ~ Нәзипа төрт қатынның бірі ғой. Оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған қыз болып әкесінің оң жағынан ұзатылғаны кеше ғана. І.Жанс.

Posted in

СҰҚТЫ КӨЗ

Ұнатпай, жек көре, тіміскілей, сұқтана қараған адамның көзқарасы туралы. ~ «Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ емес пе, той иелерінің бірі сұқты көзін қадап, сүйектен өтер сөзін безеп кетеді- ау деп қылпылдап тұр. М.Сүн. ~ Жас әйел еркектің сұқты көзін сезінді, бірақ қымсынған жоқ. Қ.Жұм. ~ — Менің күнім сен кеткенде не болатынын ойламадың ба? Жолдыбайдың жиектері қанталаған сұқты көздері қулана жылтың — жылтың етіп: — Не болушы еді? — деді. Т.Рыс. * Ал тырмыса-тырмыса биікке шыққан адамның өзі құлағаны-өлгені… Оны өзгенің сұқты көзі одан гөрі де жоғарырақ өрмелете түспекші. Ә.Кек. * Айнала сұқты көз еді, Қан жоса кебін бөз еді. Манашы, Күйкен-Ноғайлы Өз алдына-ай сөз еді. Күледі әне шұнақ таң, Құлағын күйдің бұратқан. С.Адай.

Posted in

СҰЛҚЫН БАСТЫ

Аптығын, емеурінін басты. ~ Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел, Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын. Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда, Ерлердің иеленуге көшкен жұртын. Т. Ізт. ~ Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Дж.Лонд. ~ Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де шыдамайсың. Түсіндің бе? — Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Дж.Лонд.