Беймезгіл, асығыс атқа қону; төтенше жортыс. * Дәл бүгінгі жүрістері ерекше бір айта қалғандай жүріс болды. Бұлардың өздері ғана емес, тіпті ат суыт жүріске өмір бойғы кәсіп арқылы біржолата пісіп қатып кеткен Қарабас, Жұмағұлдай атшабарлар да, елеусіз, Бесбесбайлардай Олжай ішінің барымташы, жортуылшылары да некен-саяқ жүретін жол еді. М.Әу. * Жалғыз-ақ Ғалымның жирен биесінен басқаларының бәрі де суыт жүріс емес, бір жерден түстеніп, бір жерде түнеп дегендей жыла қонақтаған сапарға төзер деп бағамдап келеді. К.Сег. * Бірақ үшеуінің тағы бір ақыл қосып байласқаны: "екі жақ өз бетімен шалқайысып, тек бірін-бірі жалалап, шынға ойыспайтын болса, онда Оразбай мен Жиренше Керей мен Сыбанның кей жерлеріне өздері суыт жүріп, барып қайтыспақ болды. М.Әу. — Аттылы деймісің? Жүрісі қалай? — Атын сипай қамшылап келеді. — Е, ендеше тыныштық шығар. Суыт жүрістіден қорқам. Жаманат жүйрік келетін еді да. М.Сүн. ~ «Жасаңда жатқан сауын биелерді кешкі апақ-сапақта қуып кеткелі жүрген суыт жүрісті, суық түсті біреу болмасын» дегенді ойлап, сақсынған қойшы жолаушыға қарай қырындай бет бұрған. К.Сег. ~ Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі, Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі. Сәлеміңе қайтаратын жауабы: — Тыныштық па? — деп сұрайды әуелі. Суыт жүрген кәріден де, жастан да, — Тыныштық па? — деп сұрайды сасқанда. Күн күркіреп, шатырласа найзағай, — Тыныштық па? — деп қарайды аспанға. М.Мақ.
Автор: Админ
СУЫТ ХАБАР
Жайсыз, жаманат хабар. ~ Жеткізіп суыт бір хабарды өкпек, күркіреп өтті көп жаңбыр. Тыраулап ұшты тырналар көкте, томсарып қалды тоғжан қыр. Б.Қош.
СҮБЕ БИ
Басты, беделі мол, белді би. ~ Ал Төре бидін тобе би дәрежесіне жете алмаған көңілінде бітпес шері бар. Осы көкейкесті тілек, жатса–тұрса өшпес арманға айналған. Сол үшін ол Жәнібек ханның басына жастық, астына төсек болды. Мөңгілі биден кейінгі екінші би дәрежесі – сүбе би дәрежесі аз көрінген. І.Ес. ~ Ұзақ жыл бойы өзін тек сүбе би қатарында ғана ұстап келген Жәнібекке Төре би өлердей кектенген. І.Ес.
СҮБЕЛІ СӨЗ
Мән-мағынасы жоғары, дуалы ауыздан шыққан көрнекті пікір, ой. ~ Қаракесектің бір кезде өзіңізбен тізе қосып, сүбелі сөзге араласқан Қали дейтін жүйрігі бар екен. Мағаштан жасы үлкен, өзінің атағы да дардай көрінеді. М.Әу. ~ Кезіндегі сүбелі сөздерін сүйегіне қондырып, әуезді әнімен әлдилене білген жандардың, бүгінгі заманының қырат-қырат белестерінен тұжырым түйістіре алмайтын жастарымыз. Жібі түзу,басынан сөз асырмайтын, сөйлеген сөзі мірдің оғындай, өрісі кең батыр аналарымыздың қу сирақ, сөзі түйеден түскендей, тас жүрек ұрпағымыз. З.Мах.
СҮЗЕГЕН БҰҚАДАЙ ҚАРАДЫ
Сес көрсетіп, сыздана көз салды. ~ Сөзіңді біреу сөйлеп берсе, аузың қышып бара ма – Қосекеңде ләм жоқ. «Әне, біз солаймыз, біліп қойды» сездіре, сүзеген бұқадай қабақ астынан сүзе қарады да, желкесі күдістеніп, сыздап, ырғатыла басып шығар есікке беттеді. Т.Сәу. ~ Жас та болса, сүйегі ірі, денесі толық. Шүйделі мойны алға қарай еңкек біткен, сүзеген бұқадай қабағының астынан қарайтыны да содан болар, әйтпесе көзқарасы зілді емес. Т.Ахт.
СУЫМЕН КІРІП, КҮЛІМЕН ШЫҚТЫ
Біреудің үйінің барлық тірлігін өз мойнымен көтерді, құлдықта болды. * Бұлар баяғыдан суыңмен кіріп, күліңмен шыққандар. Сенің тұқымыңның есігінде ата-анасымен малайлық, құлдықта күн кешкендер. Күшін алып, түсін алып, бүгінде қартайғанда керексіз деп қағып-қуып тастаған күн қақтыларың! М.Әу.
СУЫРДЫҢ АЙҒЫРЫНДАЙ ШАҚЫЛДАДЫ (АҢҚИТТАДЫ)
Жағымсыз, ащы дауыспен мазаны алды. * Үшбас басын ішке алып, міңгірлеп сөйледі. Суырдың айғырындай шақылдайтын шақарлығы қайда қалған? Бірдеңені бүлдірейін деп жүрмесін осы бала. М.Қаб. ~ Суырдың айғырындай шақ-шақ еткен Сарманов бір күні сабақ уақытысында қамшысын бүктеп ұстап, клас-қа кіріп келді. Б.Соқ. * Ол кісінің айтқаны айнымай келді. «Бірдеңені бүлдіріп алма»,– деп еді, бүлдіріп тындым. Кассир: «Суырдың айғырынша шақылдама!», Әйеш: «Көрінген тесікке тұмсығыңды сұға берме!», Үшбас: «Құйысқанға қыстырылма». …Бүлдіру осы емей, немене. Үшеуі де жатым емес, туыс, ауылдас адамдар. М.Қаб. * – Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады деген осы. Суырдың айғырындай шақылдап, әбден бетке шапшиды, бара-бара… Нағашы жұртына тартқан ынжық. О.Бөк. * – Баласы жас, өсірсін деген ғой, – деп Төленді қағытып қалып еді. – Суырдың айғырындай аңқиттамай жәйіңе отыршы, – деп Бати алара қарап тыйып тастады. О.Бөк. * Әй, суырдың айғырындай аңқиттаған неме! – деп ақырып жіберді дәу шал. – Мені тергейтін дәрежеге қашан жетіп едің?! О.Бөк
СУЫРТПАҚ ЖІП
Титімдей нәрсе д.м. * Егер колхоздың суыртпақ жібін алған адамды көрсем, оңдырады екен демеңдер! С.Мұр. * Біле білсек, бізге жетім шалдың киімі де, тірнектеп жиған тиыны да керек емес. Жөн көрсеңдер, ағайын, суыртпақ жібін бойымызға жапсырмасақ деймін. Ә.Нұрп. * Айран, сүтінен бастап суыртпақ жібіне дейін қас пен көздің арасында қағып кетеді екен. О.Бөк. * Бұрын біздің ауылда суыртпақ жіп жоғалмаушы еді,- дейді апам,- мына соғыс кезінде әр жақтан көшіп келгендер көбейді де, ұрлық-қарлық шыға бастады,- дейді. С.Мұр. ~ «Суық бауыр баладан суыртпақ жіп сұрама деген атам қазақ.» Қ.Ысқ.
СУЫРТПАҚ ЖОЛ (СОҚПАҚ)
Ирелеңдеп, қалың ағаштың, не тау-тастың, сайдың, қалың шөптің арасымен өтетін тар жол; жалғыз аяқ сүрлеу жол. * Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ жол да жоғалған. Ш.Мұрт. * Тоғай арасындағы суыртпақ жол ауылдың шетіне алып шықты. Бұл кезде күн екіндіге таяп, бағанағы ыстықтың беті қайта бастаған. О.Бөк. * Астындағы қара жорғаны бауырлата тартып жіберіп, егін арасындағы суыртпақ жолмен зәйімкесіне қарай ағыза жөнелген. Қ.Жұм. * Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Қ.Ысқ. * Әлгі екі жағында шаншыла бітіп, үстіңе құлап кетердей еңкейе орналасқан жақпар тасты құзардың ортасын тіле жетелеген суыртпақ соқпақ әсіресе, қыс мезгілінде тамұқтың қыл көпіріндей сұмдық қатерлі де, қаттырақ дем алуға дәтің жетпейтін аса қорқынышты. О.Бөк.
СУЫРЫП САЛМА
Шұғылдан, табан астында өлең шығаратын ақын. ~ Ескі ақын бізден әлі артық, Ол кезде туған бала артық, Жасымыздан шал артық, Тақпақ пен мақал тағы артық, Суырып салма жағы артық. Шәк. ~ Мысалы: ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырып салма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондар да сондай, жанынан шұғылдан шығарылған ауызша өлеңдер. М.Әу. ~ Қазір бойда бар өнерін, білім қуаттарының бәрін дерлік олар көш жөнекей, күрес үстінде тапты. Ол кезде халқымыздың қаптал көпшілігі сауатсыз, көргендері өз ортасы, естігендері ертегі, аңыз болатын. Суырып салма ақындар айтысын, хисса, эпостарды құныға тыңдайтын. Ғ.Мұст. ~ Қожаберген Жырау (Қожаберген Толыбайұлы) — Орта жүз Ашамайлы Керейдің Бәйбіше Көшебе руының Таузар тайпасынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын. БАҚ.
