Posted in

СУЫҚ ЖҮРІСТІ АДАМ

Күмәнді іспен айналысатын, қылмысқа бейім адам. * «Ел құлағы — елу» ғой, суық жүрісті адам білінбей не тұрсын? Сұрастырып, қағып, келгенде, осының бәрін қылып жүрген Мұқаш екені кешікпей-ақ ашылды. Ж.Айм. * – Басқасы «үгітшілердің қосымша міндеті» деп аталады. Куәлік – жолхатсыз қонақтарды, көбірек қыдыратын «суық жүрісті» адамдарды байқай жүріп, пайзысоларға ұстасып беру керек. – Тыңшылық деші! Қ.Шабд. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Әлгі суық жүрісті кісі бұған қарсы жүрді. Екеуі бетпе-бет келді. Күренді неге мінесің деп салғаннан соқтығатын шығар деп ойлаған. Беті қалыңдау еді, сонысына баққан ол суық сазарды. Ө.Кәр. * Қызыл келіншектің үйіне Тіндәй өңдес, бірақ, одан үлкендеу бір жігіт лыпылдап келіп кірді, қақпадан кірерде жанжағына қарағыштап қоюынан, оның да суық жүрісті екенін сезгендей болып, үйдің төбесінен түсе жүгірдім… Қ.Шабд.

Posted in

СУЫҚ ІЗ

Күдікті жақ ж.м. ~ Осыдан екі жыл бұрынғы бұл сайланатын жалпы жиналыста арғы беттің Тоғамыс бастаған тобы арқилы сылтау айтып, мынауың басқарма бола алса нетті деп өңештеп–ақ еді. Суық із сол жақтан тартпаса игі… М.Қан.

Posted in

СУЫҚ КӨЗБЕН (АТА) ҚАРАДЫ

Жақтырмады, ұнатпаған кейіппен қястана қарады. ~ Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Абай. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. С.Жүн. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. М.Әу. ~ Апам суық көзімен ата қарады. Ағаттау айтып қалғанымды сезіп жерге кіріп кете жаздадым. Б.Тоғ.

Posted in

СУЫҚ КӨЗҚАРАС (КӨЗ)

Ұнатпай қарап, салқын сыңай таныту туралы. ~ Кәдірқұл мына жағдайдан оңай құтылғанына іштей қуанса да шығып бар жатқанда Тоқаштың суық көзқарасынан шошып қалды. Б.Тоғ. ~ … кентаврдың көзілдірік астынан зәрені ұшырып, мұздай қарып қарайтын суық көзқарасы, үңгір ішіндегі қиямет-қайым, Жамалдың түймеленбей қалған тартпа бауы дейсің бе, бәр- бәрі көз алдымнан кезекпен шапқылап-өтіп, лықсып келген наза тамағыма тас боп тығылды. М.Қаб. ~ Сусылдаған қызылкүрең шашы желп-желп етіп қабағы түксиіп, шүй-лігіп қарағанда сұп-суық көздері адамның өңменінен өтеді. Б.Соқ.

Posted in

СУЫҚ ҚАБАҚ ТАНЫТТЫ

Кежірлі, салқын жүзбен қарап, жаратпай тұрғанын білдірді. ~ Жұрт кеу– кеулеп, қысыр әңгімені қыздыра бастағандай еді, Демежан суық қабақ танытып, туыстарын тыйып тастады. Қ.Жұм. ~ Осы ордадан шығысымен жігіттеріңді ал да, атқа қон! – деп Қалдан қарсы уәжге ыңғай бермес суық қабақ танытты. С.См. ~ Зәуресі жаны ашып жылап тұр, ақ келіншек жанында қарқылдай күліп мазақ етеді, ал өз келіншегі болса, суық қабақ танытып, баласын ертіп, жанынан өтіп барады. Н.Абд.

Posted in

СУЫҚ ҚАПТЫ (ҚАРМАДЫ, ҚАРДЫ)

Салқын ауа тұла бойын мұздатты. * Төсектен аяғын салбыратып еді, жалаңаш балтыры мен санын суық қапты. М.Қаб. * Салқын ызғар қамсауы жоқ, көне шекпеннен лезде өте шықты. Терлеп, жіпсіп келе жатыр еді, тұла бойын суық қармап сірестіре бастады. Қ.Жұм. * Еркектер бір-бір аттарын баптап мініп, көкпар тартады. Сөйтіп, көк жайлауда көсілте шапқан жігіттер қыс бойы аяз қарып, суық қармап қалған денелерінің құрыс-тырысын бір жазып алады… Қ.Жұм. * "Екінші Шаңғарақшы" көшесі мен стансаның арасы — алыстың алысы. Жүре бересің, жүре бересің, жете алмайсың. Тәтті тәніңді мынау қара суық қарып барады. Қойны-қонышың толған ұры жел. Ә.Тар.

Posted in

СУЫҚ ҚОЛДЫ

Жымқырма, жемпаз, ұрлық-қарлыққа бейім. * Темекең күз әбден жетіп, алмаларын жинай бастаған кезде ғана бақшасына бір суық қолдың кіргенін сезетін. Аң-таң болатын да қоятын. І.Ес. * Қазақстанның экологиясын өз дәрежесінде қорғай алмай отырмыз. Парақор, ұры, қиянатшыл, суық қолдыларға мүлде жол беруге болмайды. Ж.Баб.

Posted in

СУЫҚ ҚҰШАҒЫН АШТЫ (ЖАЙДЫ)

Жылусыз, ызғары қайтпаған ауа райы хақында. ~ Март айының мұздай суық суына қарағың да келмейді. Қаракөк толқындар жұтардай ұмтылып кеп, суық құшағын ашады. Ғ.Мүс. ~ Тұрдым да, былқылдаған қап-қара, суық құшағын арғы жағадан бергі жағаға дейін жайып жатқан тыр жалаңаш айдынның құшағына қойып кеттім. М.Қаб.

Posted in

СУЫҚ ӨҢ

Мейірім байқалмайтын, жылусыз, салқын жүз. ~ — Ар жағын айта бер! — деді Айғаным жауап күткендей жымия қарап, аз тоқыраған баласына, суық өңін жылытпай. С.Мұқ.

Posted in

СУЫҚ ӨТТІ

Суық тиді. ~ Түстік үстінде Әспет Шәукенге үш түрлі дерт жабысқанын айтты. Біріншіден, ол ұшынған, екінші оның сүйегіне суық өткен, үшінші, және ең ауыры – сыртқа шықпаған шешегі. Т.Әл. ~ Жолда машинамыз бұзылып, айдалада тұрып қалып… суық өтсе керек. Ғ.Сл.