Posted in

СӨЗІН СӨЙЛЕДІ

Біреудің мүддесін қорғап, жақтасты. ~ Артығымды бер деп, Қозыбақ аулынан жоқтап алар Бақтығұл ма? Анау жуан сотқар ауыл аяғына отыртар ма? Тегі мұның сөзін сөйлеп, есіркейтін тірі жан бар ма сірә да?.. Әй, жоқ қой! М.Әу. ~ Мен соларыңның өзіне сенбеймін. Орловтың айтуына қарағанда осы үкімет болып, шулап, газет жазып жатқанның бәрі байдың сөзін сөйлейді білем,— деді Мәмбет. І.Жанс. ~ Астынан бір жақсы атты, қолынан бір жақсы құсты кетірмейтін Амантайға, Итбай атын да, құсын да тартып алып, талай зорлық істеді. Сөзін сөйлейтін ауылнай билерге өтірік акт жасатып «ұры» деп те көрсетті. С.Мұқ .

Posted in

СӨЗІН СӨЙЛЕП, СОЙЫЛЫН СОҚТЫ

Біреудің айтқанын істеп, айдауында жүрді, қол шоқпары болды. ~ Әсілінде,іс былай болыпты: Елісханға тісін басқан Ма Буфаң өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын таңғыт, моңғол, қазақтарды жеке-жеке шақырып алып арнайы тапсырмалар беріпті. Ж.Шәк. ~ Бірақ, бұл мұсылман әмірші де жергілікті ұрылар мен тонаушыларға тыйым салудың орнына сырғуаңдап, оларға қатаң шара қолдана қоймайтын, қайта солардың сойылын соғып, сөзін сөйлейтін сыңай танытты. Ғ.Біл.

Posted in

СӨЗІ МАЙДА

Әдепті, ибалы, жұмсақ сөзді адам туралы. ~ Ерекше естен кетпес қызық қайда? Жолығатын қыз қайда терең сайда? Сұлулығын қояйын, мінезі артық, Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда. Абай. ~ Сәлеметсіз бе, мырза,— деді ақырын ғана. Дауысы жұмсақ, сөзі майда, бірақ алқымынан алған қолы көзін шарасынан шығарып жанын сығып барады. Ә.Кек. ~ Жоқ, мінезі жұмсақ сөзі майда Бірлән ондай әйел болмайтын. Бірдемені ұнатса, шын ұнатып, біреуді сүйсе, шын сүйетін. І.Ес. ~ Ойбу, байғұс бала, үсіп кете жаздапсың ғой, неғып жүрсің? – деп Баян бәйек болды. Құс мұрыны болмаса, түсі жылы, сөзі майда кісі еді, жарықтық. Ш.Мұр.

Posted in

СӨЗІ МАЙДАЙ ЖАҚТЫ

Айтқаны көңілінен шықты, ұнады. ~ Бір сөзінен бір сөзі майдай жағып барады. Елдостың келіні босанған екен. Алғашқы немересі… Ертең соның шілдеханасына шақырады. Қ.Жұм. ~ Айтқандай-ақ қурап, кеуіп тұрған көкнәр бүкіл суды сорып алады. Түскеніне үш-төрт жыл болса да бала көрмей жүрген келіншекке Әбекеңнің сөзі майдай жағып шәйін де, тамағын да беріп күтіпті. Ә. Ысқ.

Posted in

СӨЗІ СҰЙЫЛЫП БАРАДЫ

Әңгімесінің мәні кетті. ~ Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ ТЕҢДЕС

Сөзінің салмағы, құны, деңгейі өзіне сай; өнері, таланты қатарлас. * Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар, Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. "Біржан-Сара". ~ Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері, Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері. Біржан сал.

Posted in

СӨЗІ ТҮЙЕДЕН ТҮСКЕНДЕЙ

Орынсыз, ожар айтылған сөз туралы. ~ Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз… Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Б.Май. ~ Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді. Айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды. С.Шәй. ~ Аты затына – сай, Жүйрік десе – жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Д.Дос.

Posted in

СӨЗІМ СӨЗ (УӘДЕМ УӘДЕ)

Айтқанымнан қайтпаймын д.м. ~ Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын. Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! М.Әу. ~ Әрине, – деді Таңатар, – сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым. С.Мұқ. ~ Аға лейтенант есіктей кеудесін селкілдетіп, кеңкілдей күлді. — Әй, қулар-ай! Таптыңдар! Ержекеңді тауып әкеліңдер. Асық түгел қайтады. Әне, бұрышта шашылып жатыр, әзірге шіри қоятын түрі жоқ. Сөзім сөз, уәдем уәде. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІМ ШЫҒЫН

Айтқан сөзім босқа кетеді, сөзімді құр рәсуа қылмайын д.м. * Бәрің ит, бәрің доңыз, бәрің зәлім, Сендерге сөйлеп тұрған сөзім шығын. С.Мұқ. ~ — Е, сендей фанатикке сөзім шығын. Адал… Ағыңнан жарыла бер. Шырағым, қолыңнан келін тұрып, ішіп- жеп алмасаң жігіт екенмін деме. Ақшаң болса дос табылады. М.Сүн. ~ Ал, әлдекім әйелінің шұлығын жөндесін; сенің соны көре қалғандай, соған таңдана қалғандай нең бар! Жарық дүниеде одан гөрі мағыналылау нәрсе болмағаны ма? — Қойшы, саған сөзім шығын. Сен бірдеңе түсінеді деп отырған менде де ес жоқ. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗІН АУЗЫНАН ЖҰЛЫП АЛДЫ

Оқыс килігіп, таласа сөйледі. * – Ал, енді, төретай, — деді Жайнақ, не дерге білмей кідіріп қалған, аздан кейін ғана бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған Шоқанның сөзін аузынан жұлып ап, — бауырым, досым, бір тілегім бар сенен! С.Мұқ.