Айтқанын істете алмады. ~ … әкем де әжемнің уытқыттауымен шешеме бұрынғыдай міне түспей, кейде, көзін ғана алайтатын; ал кейде: «Сендер-ақ сиыспайтын болдыңдар-ау, осы! Бірің өл де бірің қал!» деп шығып кететін; сөзі өтпейтінін аңғарған әжем, бұрынғыдай бейпіл тіліне ерік бермей: «Құрық алып кеттің-ау, қу тоқал!» деп кіжінетін де қоятын. С.Мұқ. ~ Бұның көзі сонда барып ашылды, ашуланды, тулады, "жәмиғы қазақ бір туған" қайда деп көрді, азаматтық ар қайда деп көрді, еш сөзі өтпеді… Ә.Тар. ~ Ғашықтар жүр зар илеп, Дегеніне жете алмай, Көсемдер жүр уайым жеп, Соңына халқын ерте алмай, Шешендер жүр қамығып, Айтқан сөзі өте алмай. Сегіз Сері.
Автор: Админ
СӨЗІ ӨТТІ
Біреудің айтқан сөзі намысын қорлады, жанына батты, көздегеніне дәл тиді. ~ "Ыбырай асып кетті! Әлінбілмей, асқақтап кетті! Қазақтың игі жақсысына тілі тиіп, сөзі өтіп кетті. Оразбай сол үшін, көп үшін намыс қылды. Бұның бәрі тегін емес!" – десетін. М.Әу. ~ Ал, Айжантай, біз кеттік. Мынау тәтеңнің сөзі өтіп, шыдатар емес. М.Сүн. Айтқанын істетті, ықпалын жүргізді. ~ … әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп,айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер… Ғ.Қаб. ~ Ал халықты «ноқталау» үшін аймақтардағы елге сөзі өтетін, бедел-салмағы бар әр ұлттың «ақсақал» адамдарына дәрежемен билік беру саясатын ойлап тапты. Ж.Ах. ~ Осында батыс солтүстік Қытай ұлттық істер комитетінде Жәкенің Мұқашы істейді. Лауазымы биік, айтқан сөзі өтіп тұр дейді ғой. Ж.Сәм.
СӨЗІ ПЫШЫРАДЫ
Сөзінің қиюы кетіп, мәні жоғалды. * Түрік құлақ отағасы тек тиыштықты айтты. Әшірбек суыққа тіпті осал екен. Беті талақша көгеріп, қиюы қашқан аузынан сөзі пышырай шығады. Ғ.Мұст. * Шай құйып отырған бәйбіше аузын кемсеңдетіп, орамалмен көзін сүртті. Тістері әлі қаладай болса да, сөздер пышырап шықты. Ғ.Мұст. * Жаңағылардың жымсыма жылым тірлігі бұларға жұғып кетті ме, екеуінің сөзі сетінеп, пышырай бастады, араны өңез салқындық кеулегендей. М.Қаб.
СӨЗІ СҮЙЕКТЕН ӨТЕДІ
Тілі өткір, ауыр, айтқан сөздері жүреккке тиеді. ~ Өй, жалмауыз, әкеңді бір, шешеңді екі жұттың. Енді келіп бізді құрттың! — деп долданып шыға келеді. Тілі ащы-ақ. Сөзі сүйектен өтіп, айқайы төбе шашты тік тұрғызады. Ү.Жәл. ~ Уай, жұртым– ау! Көрнеу көзге зарлатып қоясыңдар ма осылай. Қорлықты Сүйменқұлдан көрдім ғой! Қолы етіме, сөзі сүйегімнен өтті ғой! Халқым– ау, қайдасың? С.См. ~ Тауман сөзі сүйегінен өтсе де қолбасы шыдап бақты. Шыдамасқа лаж жоқ. С.Дос.
СӨЗІ СҰЙЫЛЫП БАРАДЫ
Әңгімесінің мәні кетті. ~ Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. М.Қаб.
СӨЗІ ТЕҢДЕС
Сөзінің салмағы, құны, деңгейі өзіне сай; өнері, таланты қатарлас. * Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар, Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. "Біржан-Сара". ~ Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері, Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері. Біржан сал.
СӨЗІ ТҮЙЕДЕН ТҮСКЕНДЕЙ
Орынсыз, ожар айтылған сөз туралы. ~ Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз… Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Б.Май. ~ Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді. Айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды. С.Шәй. ~ Аты затына – сай, Жүйрік десе – жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Д.Дос.
СӨЗІМ СӨЗ (УӘДЕМ УӘДЕ)
Айтқанымнан қайтпаймын д.м. ~ Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын. Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! М.Әу. ~ Әрине, – деді Таңатар, – сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым. С.Мұқ. ~ Аға лейтенант есіктей кеудесін селкілдетіп, кеңкілдей күлді. — Әй, қулар-ай! Таптыңдар! Ержекеңді тауып әкеліңдер. Асық түгел қайтады. Әне, бұрышта шашылып жатыр, әзірге шіри қоятын түрі жоқ. Сөзім сөз, уәдем уәде. М.Қаб.
СӨЗІМ ШЫҒЫН
Айтқан сөзім босқа кетеді, сөзімді құр рәсуа қылмайын д.м. * Бәрің ит, бәрің доңыз, бәрің зәлім, Сендерге сөйлеп тұрған сөзім шығын. С.Мұқ. ~ — Е, сендей фанатикке сөзім шығын. Адал… Ағыңнан жарыла бер. Шырағым, қолыңнан келін тұрып, ішіп- жеп алмасаң жігіт екенмін деме. Ақшаң болса дос табылады. М.Сүн. ~ Ал, әлдекім әйелінің шұлығын жөндесін; сенің соны көре қалғандай, соған таңдана қалғандай нең бар! Жарық дүниеде одан гөрі мағыналылау нәрсе болмағаны ма? — Қойшы, саған сөзім шығын. Сен бірдеңе түсінеді деп отырған менде де ес жоқ. Ш.Айт.
СӨЗІН АУЗЫНАН ЖҰЛЫП АЛДЫ
Оқыс килігіп, таласа сөйледі. * – Ал, енді, төретай, — деді Жайнақ, не дерге білмей кідіріп қалған, аздан кейін ғана бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған Шоқанның сөзін аузынан жұлып ап, — бауырым, досым, бір тілегім бар сенен! С.Мұқ.
