Ақырғы жол, соңғы аттанысы. ~ Әйгерім- апаның ажарын көзбен көру, Тұрағұл- ағаның тілегіне тілек қосу, Кәмила қыздың қылығына қызығу, қызығына ұмсыну… Осы тұтанулардың бәрі Қасымбекпен бірге шыққан соңғы сапарда басталған. З.Қаб. ~ -Жүрегім сезеді. Бұл менің туған жерге соңғы сапарым. Бәлкім, Алмытағыа қайтып жете алмаспын. -Жаман ойлама, жаным! С.Дос. ~ Бірақ бұл сапар жолы менің КамАЗ-бенен жүрген соңғы сапарым екенін әзірге білген жоқ едім. (БАҚ)
Автор: Админ
СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ (ШЫҒАРДЫ, АТТАНДЫРДЫ)
Салт-ғұрыпқа сай жерледі, ақтық сапарға аттандырды. ~ Аппақ қардың арасына сіңіп, бірте- бірте ұзап, көзден тасаланған бейнені ол ең соңғы сапарға шығарып салғандай көңілінде күдіктің шоғы жылтырады. О.Бөк. ~ Соңғы сапарға шығарып салар алдында жататын жерін өз көзімен көргісі келді ме екен, білмеймін. Күн болса жалама аяз, қара суық. Ақпанның он екісі ғой. Қыстың нағыз қаһарына мінетін кезі. Ү.Жәл. ~ Мылтықбай да тапанша асынып жүргенге құмар»‚ деп қалды. Сол Мылтықбай әкесін соңғы сапарға шығарып бара жатқанда мәйіттің басында да отырмады. Қ.Түм. ~ Адамды соңғы сапарға шығарарда неге қара ту ілініп, неге парауыз ышқынады десе, оның да соңғы құрмет деген өзіндік мәнмағынасы бар екен- ау. Қ.Түм. ~ Еркектермен бірге зират басына барды. Солқ- солқ етіп талықси тұрып, Серікті қайтып оралмас соңғы сапарға өз көзімен аттандырды. С.Мұр.
СОҢҒЫ СӘУЛЕ СӨНДІ
Көзі тұманданып, көруден қалды. ~ Бұл қастан күштер қатарынан қатты соққыға алған Сармолла құлай берді. Көз алдынан соңғы сәуле сөніп, аяғын шалыс басып құлап бара жатқан халінде оның кеудесіне қанжар да сұғылды. М.Әу.
СОҢҒЫ ТҰЯҚ
Соңғы ұрпақ, мұрагер. ~ Бай да шықты, би де шықты, батыр мен бағлан, керек десеңіз, ақын, әнші, күйшіге дейін. Мен, елеусіз емес, белгісіз емес, танымал тарихшы Мұрат Бейсенұлы екеуіміз — сол тұқымнан қалған соңғы тұяқпыз. М.Мағ. ~ ХІХ ғасырда Қазақстанды отарлаған орыс әкімшіліктері органдарында қызмет етіп, көнекөз билер қауымының соңғы тұяқтарын көріп-білген орыс шенеуніктерінің мынадай сөздері сақталған. С.Зим.
СОҢҒЫ ТҰЯҚ СЕРПІС (СЕРПУ)
Өлер алдындағы ақтық қаракет, жан-дәрмен қарсылық. ~ Жә, Қайсардікі суға кеткен тал қармайдының кебі дейік. Қажыған, қалжыраған кәрі кеуденің соңғы тұяқ серпісі — жігіттіктің тәтті дәмін татып қалу арманының қаракеті. М.Сүн. ~ — Енді не істейді? Аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысады. Өкімет шетелге төлеп жатқан айып ақшаның есесін қарауындағы халықтан қайырмағанда кімнен алады? Мұны жан тапсыру алдындағы соңғы тұяқ серпу, ышқыну деп ұғынуымыз керек. Қ.Жұм. ~ Көшпенділердің ен соңғы тұяқ серпуі Алтын Орда мен Жоңғар мемлекеті болды да, сонымен тынды… Қ.Жұм.
СОҢЫНА (АРТЫНА) СӨЗ ІЛЕСТІРДІ (ЕРДІ)
Елдің өсегіне қалған адам туралы. ~ Былайғы халық сол күні оның қайда кеткенін де білмеді. Можантопайлар «е, тағы да қиял соңына еріп, кеткен шығар қаңғырып» деп, мысқылдай, мазақтай, соңына сөз ілестірді. Ж.Жұм. ~ — Әй, осы сен шын айтып тұрмысың? — деп апам бетіме үңіле қарады да, ізінше шошына ыршып түсті. — Тантыма!.. Не деп сандалып тұрсың. Қыз жетпей күнің осыған қалса да аулақ жүр! Жеңіл мінезділігінен артына сөз ерген, күйеуден шыққанды алдырмаймын! Естимісің, алдырмаймын!.. — Апамның даусы ащы шықты. М.Сүн.
СОҢЫНА (ІЗІНЕ, АРТЫНА) ШЫРАҚ АЛЫП ТҮСТІ
Қыр соңынан қалмай қудалады, басқан ізін аңдыды, қара тырнағына шейін тергеді. ~ Үстінде аю терісінен жасалған кеудешесі бар. Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой. О.Бөк. ~ Бір жағынан Әбілқайыр тұқымы, бір жағынан орыс әкімшілігі, — соңына шырақ алып түскен батыр Хиуаға сырғиды екен. Есіл ер жат жерде қайғылы қазаға ұшырайды. Соны есіткенде, Жанқожа бармағын тістеді… З.Шүк.. ~ Жақыбай үнсіз құптап, бас изеді. − Жат, ұйықта құлыным! Мен де ұйықтайын. Ертеңнен бастап Нұртайдың ізіне шырақ алып түсермін… С.Ом. ~ Жәніке-Сарыға қараған туыстарын Сегіз де жақтырмайды. Тоқалдан тарағандарды құл орнына жұмсайтынымен тұрмай, соңғы жылдары Сегіздің ізіне шырақ алып түскен. Мақпалға да таңбаған атақтары жоқ. "Ат көті күң" атап қойыпты. З.Шүк. ~ Аяғанда мұқым еңбегім зая кетіп, қудаландым. Қорғатқанды қойып, қолжазбаңды өрте деп, артыма шырақ алып түсті. О.Бөк.
СОҢЫНА ӨСЕК ЕРТТІ
Елдің жел сөзіне қалды, өсек әңгімесіне таңылды. ~ Бұның бәрін Бөкен елден естіген. Бұның бәрін ел сөз етпеуі де мүмкін еді, өткен жылы ол қып- қызыл «Запорожец» машинасын алып, соңынан қып- қызыл өсек ерткен. Д.Әш.~ Оның шыдамдылығы, сабырлылығы, күйеуінен мүлдем айырыла тұрып (ал Ержан Жәмиланың өзін сүйетінін жақсы білетін), қайғысына шыдай білуі, жеңілдік істеп, «сен сөйтсең, мен бүйтемін» деп, балаларына өгей әке іздемеуі, күйеуге шықпай қоюы, тіпті, жалпы, махаббат мәселесінде соңынан өсек ертпеуі, ұстамдылығы, рухани тазалығы, осындай қасиеттерінің бәрі келіп, Ержанға өзінің бұрынғы әйелін тағы есіне түсірген. І.Ес. ~ Әйтеуір, былайғы жұрттың көзіне түспей, соңына өсек ертпей, жасарын жасар болса – Айтқалидың онда шатағы қанша! Ә.Асқ.
СОҢЫНА СӨЗ ЕРТПЕДІ (ЕРГІЗБЕДІ)
Қысқасы, жеті жыл бойы Гүлзина жалғыз. Жеті жыл бойы бір еркектің бетіне тіктеп қарамаған, соңынасөз ертпеген аппақ қардай адал жан. Ә.Асқ. Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынанеңбек етті. Ә.Асқ. ~ Отыздың зұлым жылдарынан аман қалып, бірде-бір пенденің соңынан сөз ертпей арын таза алып шыққанының өзі қаншалық. Қ.Ысқ. ~ Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Ә.Асқ.
СОҢЫНА СӨЗ ЕРТТІ (ЕРДІ, ЕРГІЗДІ, ІЛЕСТІРДІ)
Жұрттың өсегіне қалды. ~ Бірақ Бекен кім көрінгенге ұрына кететін тым тәртіпсіз еркек емес-тін. Мысық жүрісті сақ жігіт көңілдесінің соңына сөз ертуді жек көретін. Ө.Кәр. ~ — Бұл өтірігіңді менен басқаға айт! Сіз жездеңіз Шәкей марқұмның да соңына сөз ертіп, үстінен арыз айдағансыз. Сіздің бізге және райкомға жолдаған домалақ арызыңыз — бір қоржын. Ө.Кәр.~ Еңсеп келе-келе Бигелдінің де соңына сөз еріп, түсіп қалғанын көрді. Оны болыстықтан құлатқан көзі тұздай, жирен сақал Шоңмұрын би еді. Ә.Кек. ~ Қысқасы, жеті жыл бойы Гүлзина жалғыз. Жеті жыл бойы бір еркектің бетіне тіктеп қарамаған, соңына сөз ертпеген аппақ қардай адал жан. Ә.Асқ. ~ Бәрінен де бұрын хас ше- берлігіне сызат түсіп, соңына сөз ереді. «Е, оны қойшыны» екінің бірінен естиді. Ө.Кәп. ~ Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Ә.Асқ. ~ Оның жалтарай-бұлтарайы Ұзаққа ғана аян. Соңына сөз еріп аузы күйген сақа сері жортуылды саябырсытқан кәрі көкжалдай көріне шабатын кеудемсоқтықтан тыйылып, ізін жасыратын сақтыққа басқан-ды. Ө.Кәр. ~ Кейінгі патшалардың уағында жарықтықтың соңына сөз ілестіріп, әрі итеріп, бері жығып дегендей, айтпаған сөзі қалмай "тас жүрек қатыгез!", "миллиоңдаған адамның қаны мойнында!", "жеке адамға табынудың тұғыры!" деп, "момындардың арасынан халық жауын мыңдап, миллиоңдап атқызып үлгерді" деп… Д.Дос.
