~ Нендей зауалдың келгенін осы күні ақын, жазушы көбейді. Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Дәу. ~ — Көп жүрмейміз. Жапалжанның үйі сідік шаптырым жерде. Автобус қымбат, нан қымбат. Торсиып піспеген таба нан болмағаннан кейін… Қ.Түм. ~ . Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Айт. ~ Бәрін айтып, өзімнің «предатель-сатқын» емес екенімді түсіндіруім керек. Сол үшін тез жетуім керек. Сідік шаптырымдай жер қалды. Қ.Жиен.
Автор: Админ
СІДІРІНЕ ІЛІНДІ
Қаңқасы ғана қалды д.м. ~ — Баяғыда сіздің әкеңіз көшкінге кеткен «Сайтан көпірге» де жете алмадық- ау, деді Ерік. — Қай тұста еді? Осыдан төте тартсақ, тым алыс емес. Біз сәл бұрыс, құлдырап барамыз. Бетон көпірден өтпесек «Сайтан көпір» атты кісіні көтере алмайды. Сідіріне ілініп әрең тұр. О.Бөк.
СІЗ-БІЗ ДЕСІП, ШЫЖ-БЫЖ ЖЕСІП
Тату-тәтті қарым-қатынастар туралы. * Онымен қоймай, есіктен аттап кіруге именген малшы-жалшыларымен отағасы ежелден «сіз-біз десіп, шыж-быж жесіп» жүрген адамдардай тең сөйлесіп, оларға тым жайдары қабақ, жайсаң пейіл танытып отырды. К.Сег.
СІЗГЕ ӨТІРІК, МАҒАН ШЫН
Сенең де, сенбесең де д.м. * Сізге өтірік, маған шын — оған классикалық шығармалар да бұйым емес, ал джазға келгенде аруақтанып алады. "Төбені дүрліктірген биді" салғанда аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Дж. Сэл.
СІЛБЕДЕН СІРГЕ ҚИДЫРДЫ
Ерекше ептілік, асқан шеберлік, жойқын пәрменділік хақында. ~ Жантай қан болып жүргенде, Туғанын түйедей көтеріп, Дұшпанын қара қойдай бөктерген, Кешпей суды толқытқан, Шаппай жауды қорқытқан. Қан Жантайдың ерлігі Қан Жантайды сұрасаң, Сілбеден сірге қидырған, Шелектеп қымыз құйдырған, Сыңсыма көйлек ақ тамақ, Жолда неке қидырған. А.Байт. ("Алтай тәті")
СІЛБУ ІЗ
Ілбиген, көмескі із. * Неге бүйтті? Оны өзі білген жоқ; бар білгені – соңына салған мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай? Ә.Нұрп. ~ Айнала төңіректе көзге ілінер қарайған жоқ. Тек соңында шұбалаңдаған сілбу із әне бір тұста әлденеге ширығып, әрі-бері адыраңдаса да, ақырында о да сүлдері құрып, әлсіреп, аяғының астына жығылыпты. Ә.Нұрп. ~ Өмірден шаршаған адамның сүйретіп басқан сілбу ізі басқа емес, бұныкі… Және бұның өзін паш етіп тұр. Ізі – өзінен, өзі – ізінен аумайды. Ә.Нұрп.
СІЛЕЙІП ТҰРЫП ҚАЛДЫ
Қорыққаннан не таң қалғаннан не істерін білмей, қақиып тұрып қалды. * Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. М.Әу. * Кәрі әйел дауыс салғанда басқа жұрттың бәрі тына қалды. Бір жан жақындап бара алмады. Тәңірберген де желбегей жамылған шапаны иінінен түсіп сілейіп тұрып қалғанды. Ә.Нұрп. * Мен көзімді жұма бердім де, аз сілейіп тұрып барып, қайта жанданып, бар екпініммен тебіне ілгері тарттым. Ж.Сәм.
СІЛЕКЕЙ СҮРТЕРЛІК
Тым аз, титімдей. ~ Тізе берсе осының бәрі қып- қызыл шығын екен. Қазір қорада сілекей сүртерлік қана бірер қарайған қалды. Ә.Асқ.
СІЛЕКЕЙІ ШҰБЫРДЫ
Құмары оянды, қарны ашты, қатты қызықты. ~ Әкесінің бұл рахатын айтпай сезгендей, өзі де сусап тұрған Шоқанның аузынан сілекейі шұбыра қалды. Сондықтан Күлемістің: – Балам, саған ше? – деген сұрауына: – Әкеліңіз! – деген сап – берме, жауап қайырды. С.Мұқ. * Ақ тоқалдың аппақ жұмыр саны көз алдына елестеп, батырдың сілекейі шұбырды. С.Смат. * Қиғаш қас, мөлдір көзді арудың көрінбеуіне таң. Бала батыр да осы жаққа көп көз тіккен. «Тағы да бір жолығар ма еді, әттең!» деп сілекейі шұбырады. Ш.Құм. – Ендеше, жүр! Апа, қымызыңыздан құйып беріңізші, үйдегі келініңіз сіздің қымызыңыз турасында айтып ем, сілекейі шұбырды. Ш.Құм.
СІЛЕСІ ҚАТЫП ҰЙЫҚТАДЫ
Тұяқ серіппей ұйықтады. ~ Сілесі қатып ұйықтап қалған екен. Дауыстан оянды. Көзін ашып қуықтай бөлмеде неге жатқанын пайымдай алмай жан-жағына аларып қарады. С.Ел. ~ Кириск өзін– өзі кінәлап, түнде сілесі қатып ұйықтап қалғанына өкініп, өксіп– өксіп жылайды. Егер ұйқы дұшпан болмаса, ол әкесін өлсе жіберер ме еді? Ш.Айт.
