Денесін әрең қозғау. ~ Біржан қолға қолқа салмай-ақ бел көтергісі келіп еді, болмасын лез байқаған соң жер тіренді. — Сиыр қимылға жарап қапсың ғой, – деді Әпіш. — Күл, күл. Құдай қылса амал қанша? — Құдай? Аузыңа түспейтін сөз еді. А.Сүл.
Автор: Админ
СИЫР ҚҰЙЫМШАҚТАНДЫ
1. Әлдебір істің аяқсыз қалып, соңы сұйы—лып, бәсең тартуы туралы. ~ Матайдың сөзінің басы таудай болса да, аяғы сиырқұйымшақтанып келіп қылдай болып кетті. М.Әу. ~ Енді міне, әуелде соншама сеніммен құлшына кіріскен істің өзі сиырқұйымшақтанып, мүлдем басқаша сипат алып бара жатқанын ол әбден түсін гендей. С.Ғабб. ~ Анада екі жақтың сөзін ұстаған Смайыл би басында соншалық, әділдік айтатын ата баласы болып кіріскен еді. Артынан сөзді сиыр құйымшақтатып аяғын жерге тигізбеді. С.Бег. ~ — Рас айтып отырсың ба? — деді Қилыбаев сенер — сенбесін білмей. — Алғаш келгенде бәрі де осылай әдемі сөйлеп, кейін сиыр құйымшақтанып, директордың шылауында кетуші еді. Қ.Жұм. ~ Сейфолла біраз құстарды қызықтаған соң әңгімеге құлақ тосты. Бала ұғымына ауыр хиқаят сиыр құйымшықтана келіп саятшылыққа кеп тірелген. Ө.Кәр. ~ Кеше кешке Әлия келіп кетті. Өзіңді біраз тосты… Жазда оқуға түсем дейді. Сабағын сұрап алғысы келді ме, қайдам!.. Сиыр құйымшақтап барып, сөз сабағын жігітке тастады. М.Қаб. 2. Бәсеңдеп барып, жіңішкерді, біржола жоқ болды. ~ Сәлден кейін сиырқұйымшақтанған жылқы ізі бірте-бірте тасқа сіңіп, жоқ болыпты. БАҚ.
СИЫР МІНЕЗ
Кім-көрінгенге соқтыққысы келіп тұратын пәлеқор адам туралы. ~ Ағаттық ісімізді білмедік пе? Көңілін бір нәрседен кірледік пе? Сықылды сиыр мінез жаман елміз, Орданың бір жеріне сүйкендік пе? І.Жанс. ~ Нәресте туылғанда, оның кеудесіне жан кірерде ол қайдан келді… соған байланысты. Егер ол бұрыңғы өлген сиырдың жаны болса, бала сиыр мінезді болады. АҚ "Арпалыспен…"
СИЫР СӘСКЕ
Ұлы сәске, күн барынша қызған шақ. ~ … ызаға булыққан екеу сонан түн ортасына дейін, онан таң алдына дейін көткеншектесе-көткеншектесе құм ішінде қалған қойлардан ұзай берсін. Сонан күн шықсын. Сонан сиыр сәске болсын. Хан сәске боп шілде айы шыжғырып күйіп берген-ді. Ә.Нұрп. ~ Дырылдап машина өтті. Астананың тағы бір күні сиыр сәскенің көк түтінімен таласа кіріп еді. Қ.Ысқ. ~ Кербалақтың екшей аяңдаған өнімді жүрісімен біраз жолды ұтып тастаған Қармыс сиыр сәскеде Қояндының қырқасына көтеріледі. Ө.Кәріп.
СИЫР СОҚПАҚ
Алысқа апармайтын, шағын, қысқа, үйреншікті жол. ~ Зираттан шыққан сиыр соқпақтың көмескі сорабын қуалап келеді. Бірде желіп, бірде бүлкек аяңмен біраз жерді артқа тастады. Т.Сәу. ~ Шын айтам, көке! Дәу қасқыр, мына қамыстың ішінде. Мен бұзау қарай шыққам. Осы қопаға кірген шығар деп, сиыр соқпақпен тау жағынан сәл ғана бас сұғып қарағам. Бұзауымды паршалап тастапты. Мені көріп, тап берді. С.Сағ. ~ Кенет таспадай сиыр соқпақта лекітіп келе жатқан қосаяқ «Иждің» доңғалақтары көктен кеп ұшты да кетті. С.Сағ.
СИЫР СУДАН ЖЕРИДІ, СУ СИЫРДАН ЖЕРИДІ
Әркім үйренген нәрсесін артық санайды д.м. ~ Сиыр малының сондай пул болуына-қарамай, қазақ бұл түлікке менсінбеген, кемсінген көзбен қарап келді. Оған: қылығы оғаш адамды «сиырмысың!» деп сөгуі, «су сиырдан, сиыр судан жериді» деуі, қонаққа сиыр етін асып беруді қорлау деп түсінуі, тағы тағыларды жатқызуға болады. С.Мұқ. ~ Әріп насаттанды: – Е, ол жаужұмыр-ды! Бәзелбек үйіне келгенде Әріптің мінезін еске түсірді «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді!» Т.Әлімқ.
СИЫР ТАҢДАЙ
Ала-бажақ, кедір-бұдыр. ~ Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Т.Әбд.
СИЫР ТАҢДАЙЛАДЫ
Жолақ-жолақ, бұдыр-бұдыр із қалдырды. ~ Қар бағанағыдай емес, қиғаш ұшып сабалап жауады. Жел көбендеген жұмсақ қарды сыпыра ұшырып, сиыр таңдайлап, әдемі сурет салып жатыр. О.Бөк. ~ Дюраллюминмен шегенделген жеп-жеңіл қайық суға салып едік, астаудай ойнақтап тұр, ескекті жалата есіп, желсізде сиыр таңдайланып лып-лып толқып жатқан айдын бетімен сырғи жөнелдік. Т.Сәу.
СИЫР ТҮС
Ұлы сәске, күн барынша қызған шақ. ~ Жүре-жүре күн сиыр түс болғанда қарамы мың жарымдай қойды қаптатып айдап келе жатқан жастау қойшы көлденең кезікті. І.Жанс. * — Онда бұлай етіп «кіш-кіш» деп бұзау қайырған жанша сиыр түсте ауылға келмейді. Х.Ес.
СИЫР ТҮС МЕЗГІЛІ (КЕЗІ)
Халықтық уақыт өлшемі. Үлкен сәске, күн қызған кез. ~ Құда–құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Бикен шешесінен жылап айрылды. Топаны ондай ірі қара мал айдап, бір түйе жүкпен аттанған құда–құдағилар ауылдан ұзай берді. Б.Жұм. * Е, иә, содан үшеуіміз тойлы жерге сиыр түстің мезетінде сау ете қалайық. К.Сег. * Құда-құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Б. Жұм. * Барлап қараса талай жерді артқа тастап, сиыр түс кезінде Өлгейден шықса да қас қарая Бурят сайының аузына жетіп қонды. Е.Мұх.
